05.03.2007, 17:42 2598

Изербайжанда Ресейден газ импорттаудан бас тартуға байланысты газ тапшылығы байқалмайды - Изербайжан Республикасының өнеркәсіп және энергетика министрі

БАКУ. 5-наурыз. Kazakhstan Today. Изербайжанда Ресейден газ импорттаудан бас тартуға байланысты газ тапшылығы байқалмайды. Бұл туралы журналистерге берген сұхбатында Изербайжанның өнеркәсіп және энергетика министрі Натик Илиев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Оның сөздеріне сүйенсек, қазіргі уақытта елдің газ тарату желісінде 35 млн текше метрге дейін көгілдір отын беретін мүмкіндік бар, оның 13 млн текше метрін Изербайжанның Мемлекеттік мұнай компаниясының өз өнімі құраса, 9 млн текше метрі Изери - Чыраг - Гюнешли кенішінен шығатын жанама көгілдір отынға тиесілі, ал 8-9 млн текше метрдей газ жер асты газ қоймасынан келсе және 5,3 млн текше метр газ Шах-Дениз кенішінде өндіріледі.

"Ресейден тәулігіне 15 млн текше метр газ импортымен қатар, бізде қыс маусымына арналған тәулігіне 32 - 33 текше метр көлеміндегі жеке газ қоры болған. Ресейден келетін газ импортынан бас тарта отырып, біз осы ресурстарды пайдалану арқылы елді газбен қамтамасыз етіп отырмыз. Келешекте республикамызды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жағдайы бұдан да жақсы болады, деп ойлаймын. Бұл Изербайжанның ресей газына тәуелді еместігін және де сұранысты жеке қор есебінен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар екендігін тағы бір рет дәлелдейді",- деді министр.

Изербайжан табиғи газды импорттау операцияларын 2000 жылдың қарашасында бастаған болатын. Алғашқыда көгілдір отынды "Транснафта" компаниясы тасымалдаған, кейіннен "Itera" компаниясы тартылды, ал 2004 жылдан бастап республикаға көгілдір отынды тек "Газпром" ААҚ тасымалдаған. Изербайжан "Газпром" ААҚ ұсынып отырған бағаның тиімсіздігіне байланысты 2007 жылдың 1-қаңтарынан бастап Ресейден көгілдір отын сатып алудан бас тартқан. Атап айтқанда, 2005 жылы Изербайжанға "Газэкспорт" 1 мың текше метр газды 60 АҚШ долларына тасымалдаса, 2006 жылдан бастап - 110 АҚШ долларына, ал 2007 жылы көгілдір отынның бір текше метрін 235 АҚШ долларына ұсынып отыр.

2006 жылы "Газэкспорт" Изербайжанға 4,5 млрд текше метр көгілдір отын тасымалдаған.

Елде 5 млрд текше метрге дейін көгілдір отын өндірілуінің арқасында импортталған газдың басым бөлігі электр қуатын өндіру үшін жылу электрстанцияларына беріліп отырған.

Шах-Дениз кенішін игеру жөніндегі келісім-шартына Бакуде 1996 жылдың 4-маусымында қол қойылған және де осы жылдың 1-қазанында милли меджилис оны бекітті. Жобаға қатысушылар: BP (оператор - 25,5 пайыз), "Statoil" (25,5 пайыз), Изербайжан мемлекеттік мұнай компаниясы (10пайыз), "LUKoil" (10 пайыз), NICO (10 пайыз), "TotalFinaElf" (10 пайыз) және TPAO (9 пайыз) болып табылады.

Шах-Дениз кенішіндегі қор 625 млрд текше метр газ және 101 млн тонна конденсаттан құралады деп бағаланып отыр. Кенішті игерудің бірінші сатысында 178 млрд текше метр газ бен 34 млн тонна конденсат өндіру қарастырылған. Осы сатыда жылына 8,4 млрд текше метр газ бен 2 млн тонна конденсат өндіріледі. Жалпы келесі игеру сатыларында жылына 16 млрд текше метрге жуық көгілдір отын өндіріледі деп жоспарлануда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны