23.12.2025, 13:41 1016

Ыстанбұлда қазақстандық кәсіпкерлердің даму әлеуеті талқыланды

Ыстанбұлда қазақстандық кәсіпкерлердің даму әлеуеті талқыланды
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының бастамасымен Ыстанбұл қаласында кәсіпкерлік қызметпен айналысып жүрген қазақстандық кәсіпкерлердің ағымдағы жағдайы, сондай-ақ олардың қызметі барысында туындайтын өзекті мәселелерді талқылау, ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын айқындау, іскерлік байланыстарды кеңейту мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Кездесуге Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі кеңесшісі Сафарауль Йылмаз, Ыстанбұлдағы туризм, HoReCa, логистика, сауда және өнеркәсіп салаларында жұмыс жүргізіп жүрген кәсіпкерлер қатысты. Іс-шара ашық әрі конструктивті диалог форматында өтіп, қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, нақты мәселелерді ортаға салды.

Кездесу барысында кәсіпкерлер тарапынан бизнес жүргізу кезінде кездесетін құқықтық және әкімшілік кедергілер, салық салу ерекшеліктері, лицензиялау мен рұқсат алу рәсімдері, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты, оның ішінде қазақстандық өнімдердің экспортын одан әрі ілгерілетуге қатысты бірқатар ұсыныстар көтерілді.

Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл өз сөзінде шетелде кәсіпкерлік қызметпен айналысып жүрген іскер азаматтарды қолдау мемлекет үшін маңызды басымдықтардың бірі екенін атап өтіп, Бас консулдық тарапынан тиісті консулдық-құқықтық қолдау көрсетіле беретінін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Ыстанбұлдағы қазақстандық кәсіпкерлермен өзара байланысты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ осындай форматтағы кездесулерді алдағы уақытта да тұрақты негізде өткізуге уағдаласты.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны