17.05.2010, 17:34 3161

Жол картасының іс-шаралары халықты жұмыспен қамту саласының болашақ кезеңдеріндегі тәуекелдерді төмендете алмаған

Жол картасының іс-шаралары қысқа мерзімге ғана арналған, халықты жұмыспен қамту және оқыту бағдарламалары уақытша сипатта болған. Жекелеген мердігерлік ұйымдар жұмыс орындарын 1 күннен бастап 10 күнге дейін ғана құрып отырған, қызметкерлердің белгілі бір санын жұмысқа қабылдау формальды түрде, яғни "статистика үшін" жүргізілген.

Астана. 17 мамыр. Kazakhstan Today - Есеп комитетінің бағалауынша, Жол картасының іс-шаралары халықты жұмыспен қамту саласының болашақ кезеңдеріндегі тәуекелдерді төмендете алмаған. Бұл туралы бүгін Мәжілісте Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Есеп комитетінің 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерінің таныстырылымы кезінде Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев өз баяндамасында атап көрсетті, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

"2009 жылы дағдарысқа қарсы іс-шараларды іске асыруға 635 млрд теңге бөлінген. Дағдарысқа қарсы іс-шараларды жүргізуге бөлінген қаражатты пайдаланудың бағалау нәтижесі бойынша бірқатар жүйелі проблемалар анықталды,- деді О.Өксікбаев.

Оның айтуынша, біріншіден, бағдарламалық құжаттар жеткілікті дәрежеде пысықталмаған, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінде және дағдарысқа қарсы іс-шараларға жауапты операторларда аталған іс-шараларды іске асырудың тетіктерін қалыптастыруға байланысты кешенді көзқарас болмаған.

"Екіншіден, дағдарысқа қарсы іс-шараларға бөлінген бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін бақылауды мемлекеттік органдар өздерінің іс-қимылдарын республикалық деңгейде де, сондай-ақ жергілікті деңгейде де бір-бірімен үйлестірмей, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен қоян-қолтық жұмыс істеместен жүзеге асырған. Үшіншіден, дағдарысқа қарсы қаражатты экономиканың басым емес салаларына және көзделмеген мақсаттарға бөлуге жол берілген",- деді ол.

Есеп комитетінің мәліметінше, Жол картасын іске асыруға 182,6 млрд теңге, соның ішінде республикалық бюджеттен - 131,1 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 51,5 млрд теңге жұмсалған.

"Жол картасының іске асырылуын талдау кезінде бірқатар проблемалар анықталды, атап айтқанда: Бюджет кодексінің, "Нормативтік құқықтық актілері туралы" Заңның Жол картасын әзірлеу мерзімін, бюджет жүйесінің принциптерін, белгіленген бюджеттік рәсімдерді және басқаларды сақтау бөлігіндегі талаптары бұзылған; Жол картасының іс-шаралары қысқа мерзімге ғана арналған, халықты жұмыспен қамту және оқыту бағдарламалары уақытша сипатта болған. Жекелеген мердігерлік ұйымдар жұмыс орындарын 1 күннен бастап 10 күнге дейін ғана құрып отырған, қызметкерлердің белгілі бір санын жұмысқа қабылдау формальды түрде, яғни "статистика үшін" жүргізілген, ал уәкілетті органдар тарапынан бақылау іс жүзінде жүзеге асырылмаған; Жол картасының іс-шараларын республикалық бюджеттен қаржыландыру жекелеген жағдайларда жергілікті бюджеттен алынып тасталған жобалар бойынша жүргізілген; жекелеген жергілікті атқарушы органдар белгіленген талаптарды бұза отырып, басым бағыттағы әлеуметтік бағдарламалар бойынша шығыстарды қысқартып отырған",- деді Есеп комитетінің төрағасы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны