15.11.2022, 13:22 15121

Жыл басынан бері Қазақстанның ЖІӨ өсу қарқыны 2,5%-ды құрады

Экономиканың нақты секторы 2,8%-ға, қызмет көрсету саласы 1,6%-ға өсті.
Жыл басынан бері Қазақстанның ЖІӨ өсу қарқыны 2,5%-ды құрады
Астана. 15 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Қаңтар-қазан айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,5%-ды құрады, деп мәлімдеді Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуанытров.
 
Қуантыровтың ақпараты бойынша, экономиканың нақты секторы 2,8%-ға, қызмет көрсету саласы 1,6%-ға өсті.
 

Салалар арасында ауыл шаруашылығы (8,2%), ақпарат және байланыс (7,1%), құрылыс (5%), өңдеу өнеркәсібі (4,3%), сауда (4,1%), көлік және қоймалау (3,9%) оң динамиканы көрсетіп отыр",- деді ол.

 
Жалпы аталған кезеңде негізгі капиталға инвестициялардың өсуі 6,7%-ды құрап отыр.
 

Экономиканың негізгі салалары бойынша инвестициялар көлемі өнеркәсіпте 4,1%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде 13,7%-ға, сондай-ақ ауыл шаруашылығында 7,4%-ға, жылжымайтын мүлікпен операцияларда 14,7%-ға, көлік және қоймалауда 8,5%-ға ұлғайды", - деді ҰЭМ басшысы.

 
Бұл ретте ол өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Қызылорда, Шығыс-Қазақстан және Батыс-Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалғанын атап өтті.
 
Биылғы қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда тауар айналымы 35%-ға өсіп, $98,4 млрд-ты құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 47,5%-ға өсіп, $63,8 млрд-қа дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 37,5%-ға ұлғайып, $19,3 млрд-ты құрады.
 
Тауарлар импорты $34,6 млрд-қа тең.
 
Жалпы оң сауда балансы $29,3 млрд-ты құрады.
 
Қуантыровтың айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде оң өсім сақталып келеді. Осы жылғы қаңтар-қазандағы өндіріс көлемі 4,3%-ға өсті.
 
Министрдің айтуынша, елімізде машина жасау өндірісі 7,7%-ға өсті. Атап айтқанда, автомобиль жасау 18,3%-ға, электр жабдықтарын жасау 12,4%-ға артты.
 
Сондай-ақ өсу келесі салаларда байқалады: химия өнеркәсібі тауарлары 10,6%-ға, жеңіл өнеркәсібі тауарлары 7,8%-ға, сусындар 8,9%-ға, пластмасса бұйымдары 4%-ға, мұнай өңдеу өнімдері 3,7%-ға, азық-түлік тауарлары 3,5%-ға өсті.
 
Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1%-ға төмендеді. Салалар бойынша өсу тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде 17,8%-ды, көмір өндіруде 1,6%-ды, металл кендерін өндіруде 0,6%-ды құрады.
 
Көрсеткіштердің газ өндіруде 1,5%-ға, мұнай өндіруде 2,5%-ға және өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 9,9%- ға төмендеуі тіркелді.
 
Ұлттық экономика министрінің айтуынша, аталған кезеңде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 5%-ға ұлғайды.
 

Көрсеткіштің оң өсуі 17 өңір бойынша тіркелді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғарғы өсуі Шымкент қаласында, Ақмола, Қызылорда және Алматы облыстарында байқалды. Биылғы қаңтар-қазанда 11,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 1,1%-ға артық", - деді спикер.

 
Бұл ретте ол оң өсу 15 өңірде тіркелгенін атап өтті. Ең жоғарғы көрсеткіштер Түркістан, Ақмола, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында байқалды. Көрсеткіштің төмендеуі Ұлытау, Маңғыстау, Атырау, Абай облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды.
 
Ауыл шаруашылығының жалпы шығарылымы 8,2%-ға ұлғайды. Саладағы өндірістің оң өсуі 16 өңірде тіркелді. Ең жоғарғы өсімді Қостанай, Ақмола, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары көрсетті.
 

Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсім 7 өңірде - Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалды", - деп түйіндеді министр.

 
Премьер-Министр Әлихан Смайылов есепті тыңдап, бағаның өсуін тежеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау керек екенін айтты. Себебі азық-түлік тауарлары бағасының өсуі инфляцияға айтарлықтай әсер етіп келеді.
 

Бұл, бірінші кезекте, әкімдіктер тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді", - деді Әлихан Смайылов.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны