02.06.2016, 21:02 10533

Алматыда қабырғасы қисайған үйден көшірілген жұрт полициямен төбелесе жаздады

Алматыда Бесоба оқиғасы қайталануы мүмкін. Алғабас-6 ықшамауданында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тоғыз қабатты су жаӊа үй құлаудыӊ алдында тұр. Яғни ғимараттыӊ қабырғасы жарты метрге жуық қисайып кеткен. Сондықтан үйдегі 200-ге тарта тұрғынды сыртқа шығаруға тура келді. Олар қонақүйлерге қоныстануда. Бұл жағдайдан қазір бүкіл ықшамаудан тұрғындары шошып отыр

Алматы. 2 маусым. Kazakhstan Today - Алматыда Бесоба оқиғасы қайталануы мүмкін. Алғабас-6 ықшамауданында мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тоғыз қабатты су жаӊа үй құлаудыӊ алдында тұр. Яғни ғимараттыӊ қабырғасы жарты метрге жуық қисайып кеткен. Сондықтан үйдегі 200-ге тарта тұрғынды сыртқа шығаруға тура келді. Олар қонақүйлерге қоныстануда. Бұл жағдайдан қазір бүкіл ықшамаудан тұрғындары шошып отыр, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Сегіз ай бұрын баспаналы болып, бөркін аспанға атқан тұрғындарда түннен бері ұйқы жоқ. Олар өз үйлерініӊ қисайып тұрғанын бес күн бұрын байқаған екен. Бірақ одан бері жұрттыӊ жанайқайына ешкім құлақ аспаған. Жергілікті билік нысанныӊ апатты жағдайда екеніне осы түнде ғана көз жеткізген сыӊайлы. Қала әкімініӊ орынбасары бастаған атқамінерлер 136-шы үйдегі 200-ге тарта тұрғынды көшіру туралы шұғыл шешім қабылдады, деп хабарлайды ktk-tv.kz тілшісі.

-Жаннан артық адамға ештеӊе керек емес. Дүние кімнен қалмаған. Қонаүйге жатасыздар. Тамақтарыӊыз, ақшаларыӊыз беріледі.

Онсыз да жанын шүберекке түйген жұрт осыдан кейін тіптен дүрлігіп кетті. Көрпе-жастығы мен дүние-мүлкін арқалағандар түнделетіп көше бастады. Ал тәртіп сақшылары апатты үйді қоршауға алып, әр пәтердіӊ есігіне мөр басқан. Сондықтан қалған заттарын алуға келген тұрғындар пәтерлеріне кіре алмай полицейлермен керісіп қалды. Аяқ астынан көшірілген халық әкімдік ұсынған қонақүйде түнеп шығу мүмкін емес деп отыр. Сондықтан ол жерге енді қайта баруға үзілді-кесілді қарсы.

Гүлнұр Қасиева, тұрғын:

-Түнімен ұйықтағанымыз жоқ. Кілеӊ алқаштар. Матрастары кір, сасық. Басқа пәтер берсін бізге.

Роза Балқиева, тұрғын:

-Қазан айында ғана алғанбыз. 13-14 жыл кезекте тұрып. 12-13 адам болып кішкентай жатақханада жатып шықтық. Енді ішіндегі дүниемізді қайда апарамыз?

Қазір апатты үйді тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Ондағылар тоғыз қабатты нысанды бастан аяқ зерттемекші. Негізі, қабырғасы қисайған үйдіӊ жертөлесін бұған дейін жауын суы басып қалған екен. Соныӊ салдарынан іргетасы отырды деген болжам бар.

Мұхамедғәріп Құрманғалиев, Алматы қалалық құрылыс басқармасыныӊ басшысы:

-Негізгі приборлардыӊ есептеуі бойынша тоғыз қабаттыӊ биіктігіндегі деӊгейде 32 сантиметрге қисайған. Бір күндік есеп бойынша ол тұрақты түрде тұр. Яғни ғимарат әрі қарай қимылдап бара жатқан жоқ қазіргі күні.

Қисайған үйді "Астана құрылыс" компаниясы салған екен. Сондықтан ғимарат апатты деп танылса бар шығын солардыӊ мойнына ілінбек. Алайда компания басшысы құрылыс жұмыстарыныӊ сапасына шаӊ жуытар емес.

Бекболат Амантұрлин, "Астана құрылыс" компаниясыныӊ президенті:

-Үйді сапасыз салды дегенге қосылмаймын. Мойындамаймын. Бұны комиссия анықтасын. Бүгін шешімі шығуы тиіс.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған бұл үйдіӊ құрылысы 2014 жылы аяқталған. Сөйтіп, былтыр күзде пайдалануға беріліпті.

Қазір құлаудыӊ аз алдында тұрған апатты жағдайдағы тұрғын үйді тексеру үшін құрылған арнайы комиссия Алғабас-6 ықшамауданындағы "Астана құрылыс" компаниясы салған тоғыз қабатты 29 үйдіӊ барлығын тексеріп шықпақшы. Себебі мұндағы тұрғындардан түннен бері маза қашқан. Яғни дүрліккен жұрт жүктерін жинап, кешелі-бері өз пәтерлерінен көшіп жатыр. Осы қауіпті сейілту үшін мамандар мұндағы барлық құрылыс нысандарын екі күнніӊ ішінде тексеріп шығуды жоспарлап отыр.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны