12.08.2021, 19:36 15106

Алматыда 67 млн теңге ұрлағаны үшін балалар үйінің директоры мен әлеуметтік педагог сотталды

Сотталғандар тәрбиеленушілердің банк карталарынан ақша ұрлаған.
АЛМАТЫ. 12 ТАМЫЗ - Алматыда №1 Алматы облыстық балалар үйінің директоры мен әлеуметтік педагогы 67 млн теңге ұрлағаны үшін сотталды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Тергеу барысында балалар үйінің әлеуметтік педагогы М. Мұстафина өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, өзіне сеніп тапсырылған 67 миллион теңге сомасындағы ақшалай жәрдемақыны жымқырғаны дәлелденді. Сотталған Мұстафина әлеуметтік педагог және балалар үйінің басшысынан қамқоршының мүдделерін білдіруге сенімхаты бола отырып, тәрбиеленушілерге асыраушысынан айрылуы және мүгедектігі бойынша жәрдемақы ресімдеп, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктерде оларға карточкалық шоттар ашқан. Тәрбиеленушілердің есеп айырысу шоттарына толық қол жеткізіп, мобильді банкинг арқылы балалар үйі тәрбиеленушілерінің есеп айырысу шоттарынан жеке карточкалық шотқа ақша қаражатын аударымдарды жүзеге асырған, сондай-ақ тәрбиеленушілердің банк карталарын пайдалана отырып, банкоматтардан кейбір қаражатты алған. Мұндай заңсыз қызметпен сотталған адам 2015 жылдың желтоқсанынан 2020 жылдың тамызына дейін айналысқан. Өз кезегінде балалар үйінің директоры Ғ. Қондыбаева 2018 жылдың күзінде Мұстафинаның ұрлау фактілері туралы біліп, оны уәкілетті органдардан жасырып, оны қызметінен шеттетпей және балалар үйі тәрбиеленушілерінің шоттарына қол жеткізуін шектемеген", - деп хабарлайды ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі.

 
Сотталушылар өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта 10 миллион теңгеден астам шығын балалар үйі тәрбиеленушілерінің пайдасына өтелді. Сот 52,4 миллион теңге көлеміндегі қалған соманы жәбірленушілерге қайтаруды міндеттеді.
 

Сот үкімімен М.Мұстафина ҚР ҚК 189-бабы (Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл бас бостандығынан және 10 жыл мерзімге педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айыру түрінде жаза тағайындалды. Г.Қондыбаева ҚР ҚК 371-бабы (Салғырттық) бойынша кінәлі деп танылды. Мемлекеттік лауазымда қызмет атқару құқығынан айыра отырып, оған 2,7 миллион теңге сомасында айыппұл тағайындалды".

 
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстандағы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Facebook-те жазбаны жариялап, онда аталған іс туралы егжей-тегжейлі бөлісті.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны