26.01.2026, 21:32 1491

Алматыда автобус жүргізушісі жол үстінде көз жұмды

Алматыда қоғамдық көлік жүргізушісі рейс кезінде кенеттен қайтыс болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Оқиға 2026 жылғы 25 қаңтарда сағат 14:35 шамасында болған. №92 бағыттағы автобустың (борт нөмірі 2633) жүргізушісі - 1971 жылы туған Александр Степановтың денсаулығы күрт нашарлағаны туралы хабар КАП-2 диспетчерлік қызметіне түскен.

Оқиға Абай даңғылы мен Сайын көшесінің қиылысында, автобус бағдаршамның тыйым салатын қызыл түсіне тоқтап тұрған сәтте болған. Жүргізушінің жағдайы аяқ астынан қиындаған. Жолаушылардың бірі жедел әрекет етіп, жүргізуші кабинасына кіріп, тежегішті басқан. Соның арқасында болуы мүмкін жол-көлік оқиғасының алдын алған.

Жолаушылар бірден жедел жәрдем шақырған. Алайда оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері жүргізушінің қайтыс болғанын анықтады. Алдын ала диагноз - жедел миокард инфаркті.

Алматыэлектротранс" баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізуші сол күні таңғы 06:10-да міндетті рейс алдындағы медициналық тексеруден өткен. Ал автобус 06:24-те техникалық байқаудан өткізілген. 25 қаңтар оның 2/2 жұмыс кестесіне сәйкес маршрутқа шыққан алғашқы жұмыс күні болған.


- Оқиға орнына Әуезов ауданы жол полициясы басқармасының қызметкерлері жетті. Автобусқа техникалық зақым келмеген, жолаушылар арасында зардап шеккендер жоқ. Тергеу шараларынан кейін көлік паркке жеткізілді, - делінген хабарламада.

Александр Степанов "Алматыэлектротранс" ЖШС-де 2023 жылдың тамыз айынан бері жұмыс істеген. Жұмысқа қабылданған кезде және еңбек өтілі барысында диспансерлік есепте тұрмаған. Отбасылық жағдайы - ажырасқан.

Компания марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, құқық қорғау органдарына толық қолдау көрсетіп жатқанын және заңнама аясында отбасына көмек беруге дайын екенін мәлімдеді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны