23.02.2007, 13:33 2969

Атырауда қатты дауыл үйлердің шатырын жұлып, электр желілерін үзді; зардап шеккендер бар

АТЫРАУ. 23-ақпан. Kazakhstan Today. Атырауда қатты дауыл үйлердің шатырын жұлып, электр желілерін үзді; алдын-ала мәлімет бойынша, 4 адам зардап шеккен, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Қатты дауыл Атырау облысына 22-ақпанда ойран салды. Соның салдарынан қала іргесіндегі Геолог ауылы мен Ендір және Құрманғазы аудандары жарықсыз қалған. Атыраудан ең шалғай орналасқан Қызылқоға ауданында дауылдан жергілікті тұрғындар 12 сағат бойы жарықсыз қалды.

Қазір оқиға орнында қалпына келіру жұмыстары жүргізілуде. Бірқатар елдімекенде электр жалғастыру желілері қалпына келтірілді.

Облыс орталығында желдің екпіні облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің, Халел Досмұхамедов атындағы университеттің жатақханасының бес қабатты ғимараттарының шатырын , сондай-ақ, кеңсе тауарларын сататын дүкеннің шатырын жұлған. Махамбет көшесіндегі көп қабатты үйлер мен басқа да нысандардың шатыры жартылай бүлінген.

"Төтенше жағдайлар департаментінің аумағы қоршалған, шатыр құлаған кезде өтіп бара жатқандар мен біздің қызметкерлер зардап шеккен жоқ", деп хабарлады Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің директоры Серік Хайрушев.

Бірақ университет жатақханасының ғимаратынан құлаған шатыр төрт адамды жарақаттаған. 1600 шаршы метр аумақтың шатыры қираған. Металл шатыр құлаған сәтте ағаштың астында болуының арқасында адамдар тірі қалған. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілген: үшеуі сол күні үйлеріне жіберілсе, бір қыз әлі ауруханада жатыр.

Ал "Қазгидромет" РМК мәліметі бойынша, таяу уақыттарда мұнда қар мен боран, кей жерлерде қатты жел сақталады. Желдің жылдамдығы секундына 17-22 метрге жетпек. Күн райын бақылаушылардың болжамына сәйкес, бүгін Атырау облысында түнде сынап бағанасы 15-17 градус суықты, ал күндіз 8-10 градусты көрсетеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны