18.04.2007, 16:27 3038

Павлодар облысында облысқа және Ресей аумағына халықаралық героин тасымалдау арнасы жойылды

ПАВЛОДАР. 18 - сәуір. Kazakhstan Today. Павлодар облысында облысқа және Ресей аумағына героин тасымалдайтын халықаралық арна жойылды. Қылмыстық топтың үш мүшесі құрықталып, 8 кг жуық героин тәркіленді. Бұл туралы Kazakhstan Today агенттігінің тілшісіне Павлодар облысының ішкі істер департаментінің есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы Ержан Бакумбаев хабарлады.

"Бұл топ Павлодар облысының аумағына негізгі героин тасымалдаушылардың бірі болған, олар Ресей Федерациясының Сібір федералдық округі аймағына есірткі тасымалдаудың тұрақты арнасын құрмақ болып жоспарлаған",- деп түсіндірді Е. Бакумбаев.

Оның ақпараттарына сүйенсек, күдіктілер 17-сәуірде, сейсенбі күні кешке Павлодар облысының есірткі бизнесімен күрес басқармасының, Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігінің есірткі бизнесімен күрес комитетінің және де "арнайы жедел әрекет ету отряды" арнаулы бөлімшесінің қызметкерлерінің бірлесіп жүргізген арнайы іс-шаралары барысында ұсталған.

Іс-шара барысында бірінші Ресей Федерациясының Шешен Республикасының 48 жастағы азаматы ұсталған. Полицейлердің айтуынша, ол сатушы қызметін атқарған және де 100 грамм шамасында героин сатпақ болған кезінде қолға түскен. "Жедел қызметкерлер есірткі сатушымен қатар Павлодардың орталығындағы жалға алған пәтерден аталмыш қылмыстық топты тікелей ұйымдастырушылары - Грузияның азаматы мен Қазақстанның 28 жасар азаматын құрықтаған",- деп атап өтті Е. Бакумбаев.

Оның айтуынша, тінту барысында олардан сұрғыш-ақ түсті зат салынған 8 пакет тәркіленген, олардың әрқайсысында араб тілінде жазылған арнайы таңба бар. "Сараптама салмағы 8 килограмдай тәркіленген зат жоғары сапалы ауғандық героин екендігін көрсетіп отыр",- деп түсіндірді есірткі бизнесімен күрес басқармасының бастығы. Ол, "кавказ ұлттылардан тұратын бұл қылмыстық топты әшкерелеуге қатысты жедел өңдеудің бірнеше айға созылғандығын" атап өтті.

Қазіргі уақытта ұсталғандардың барлығы уақытша тергеу изоляторына қамалды. Оларға Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 259-бабының 4-тармағында (өте ірі көлемдегі есірткі заттарын заңсыз дайындау, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату ) қарастырылған қылмыстар жасағаны үшін айып тағылауда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны