02.06.2006, 18:29 2691

Семейде жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды

СЕМЕЙ. 2-маусым. Kazakhstan Today. Семейлік тәртіп сақшылары жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізушіні ұстады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Шығыс Қазақстан облыстық ІІД-нің №2 дербес батальоны командирінің міндетін атқарушы Шыңғыс Кәрімов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Ш.Кәрімовтың айтуынша, 26-мамырда 23 сағат 35 минутта жол полициясының кезекші бөліміне белгісіз біреу телефон шалып, Абай көшесіндегі №152 үйдің қарсы алдында бір жүргіншіні көлік қағып кеткенін хабарлаған. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары “зардап шеккен адамның тірі екенін білді. Ауыр жарақаттанған жан ауруханаға жатқызылды. Бірақ бес күннен кейін 42 жастағы жігіт қайтыс болды”,- деді тәртіп сақшысы.

Оқиғадан кейін тәртіп сақшылары оқиға куәгерлерінен көмек сұраған. “Куәгер көмекке келіп, шетелдік көліктің санын атап берді. Жуырда біз заң бұзушыны ұстадық. 29 жастағы жүргізуші автокөлігін жөндеп қылмыс іздерін жасыру үшін тіпті көліктің алдыңғы әйнегі мен қанатын сатып алған екен”,- деді Ш.Кәрімов.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, мамырдың 10 мен маусымның 10 жұлдызы аралығында елімізде “Қауіпсіз жол” атты шұғыл-профилактикалық шара өткізілуде. Мақсат – жол апаттарын азайту.

Ш.Кәрімовтың хабарлауынша, шара басталғаннан бері үш аптада Семейде жол қозғалысы тәртіптерін бұзған 900 оқиға тіркелді. 359 жүргізуші көлікті мас күйінде айдап жүрген. “5 айда Семей жолдарында 10 адам қаза тауып, 98-і жараланды”,- деді Ш.Кәрімов.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны