24.05.2007, 14:33 3254

Жамбыл облысында тубдиспансер құрылысын салу барысында бюджеттен 91 млн теңге ұрланды

ТАРАЗ. 24-мамыр. Kazakhstan Today. Жамбыл облысы Рысқұлов ауданында тубдиспансер құрылысын салу барысында бюджеттен 91 млн теңге ұрланды. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Жамбыл облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Жамбыл облыстық құрылыс департаменті директорының үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің (қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану) жөніндегі 308-ші бабының 4-тармағы, бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен бірге құрылыс салушы "Меркеспецстрой" ЖШС директоры Қанатбай Садырбаевтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің (аса ірі көлемдегі алаяқтық) жөніндегі 177-ші бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Прокуратураның түсініктемесіне сәйкес, тергеу барысында анықталғанындай, 2005-жылдың желтоқсан айында департамент директоры О.Жампозов пен "Меркеспецстрой" ЖШС арасында Т.Рысқұлов атындағы ауданның Құлан ауылында 327 млн теңгеге тубдиспансер салу жөнінде келісім-шартына қол қойылған. 2005-2006-жылдарда "Меркеспецстрой" ЖШС есепшотына 275 млн теңге аударылған. Соның 91 млн теңгесі атқарылған жұмыстардың көлемін асырып көрсету және шарт бойынша жүктеп алған міндеттемелерді орындамау арқылы қолды болған.

Баспасөз қызметінің түсініктемесіне сәйкес, қаржылық бақылау басқармасының, департамент пен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мамандары бірлесе жүзеге асырған өлшем жұмыстары барысында атқарылған жұмыстардың көлемі 30 млн теңгеге асырып көрсетілгені анықталды. Ал "Меркеспецстрой" ЖШС есепшотынан құрылыс материалдарының қымбаттау коэффицентін асырып көрсету арқылы 39 млн теңге тоналған. Сонымен бірге құрылыс департаментінің директоры құрылыс салушы компанияға жұмыстарды қабылдау актісінсіз және басқа да құжаттарсыз 23 млн теңге аударып жіберген.

Прокуратураның атап көрсетуінше, туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы бүгінге дейін аяқталмаған, бірақ, 275 млн теңге көлеміндегі бюджет қаржысы жұмсалып кеткен.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны