19.09.2006, 14:43 3097

2007-жылы Қазақстанда ЭСКАТО-ның 63-сессиясы өткізіледі

Нью-Йорк. 19-қыркүйек. Kazakhstan Today. 2007-жылы Қазақстанда БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының (ЭСКАТО) 63-сессиясы өтеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Бұл туралы ҚР СІМ Қасымжомарт Тоқаев пен БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясының бас директоры, БҰҰ бас хатшысының орынбасары Ким Хак Судың 18-қыркүйекте Нью-Йоркте өткен кездесуінде мәлім болды.

Кездесу барысында БҰҰ бас хатшысының орынбасары осындай аса ауқымды халықаралық шараны өткізетін орын ретінде Қазақстанның таңдалуы кездейсоқтық емес екенін атап өтті.

"Бұл шешім Азия-Тынық мұхиты аймағы тарапынан Қазақстанның "леуметтік-экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асырудағы, сондай-ақ, әлемдегі ең бір қарқынды дамушы экономиканы қалыптастырудағы таңқаларлық табыстарын мойындауға негізделген",- деді ол.

Ким Хак-Су еліміздің Орталық Азия аймағындағы қарқынды экономикалық дамудың локомотивіне айналады дегенге сенім білдірді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР СІМ Қасымжомарт Тоқаев басқарған Қазақстан өкілдері БҰҰ Бас ассамблеясының Нью-Йоркте өтетін 61-сессиясына қатысуда.

Азия және Тынық мұхиты елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына және олардың өзара және үшінші елдермен ынтымақтастығына ықпал жасау мақсатын көздейтін ЭСКАТО комиссиясы 1947-жылы құрылған. Оған Азия және Тынық мұхиты аймағының 51 мемлекеті мүшелікке өткен. 2007-жылы БҰҰ-ның аса ірі аймақтық комиссиясы - ЭСКАТО-ға 60 жыл толады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны