15.09.2009, 17:16 2757

Алматыда Шанхай ынтымақтастығы ұйымының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі орталығының тұжырымдамасы талқылануда

Алматыда Шанхай ынтымақтастығы ұйымының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі орталығының тұжырымдамасы талқылануда

Алматы. 15 қыркүйек. Kazakhstan Today - Алматыда бүгін жұмыс тобының бірінші ұйымдастыру кеңесінде Шанхай ынтымақтастығы ұйымының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі орталығының тұжырымдамасы талқылануда, деп хабарлайды Kazakhstan Today.

ҚР ТЖМ аппаратының жетекшісі Сейітқажы Оқасовтың хабарлауынша, Қазақстанның Астанада Шанхай ынтымақтастығы ұйымының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі орталық ашу жөніндегі ұсынысын ұйымға мүше елдер қолдады. "Ақтауда өткен кеңесте Өзбекстаннан өзге бір де ел орталықтың Қазақстанда ашылуына қарсылық білдірген жоқ. Өзбекстан қалыс қалды", - деді ол.

"Біз үйлестіру, ақпараттық және әкімшілік деген төрт жұмыс бағыты бойынша 25 адамнан орталық құруды ұсынып отырмыз", - деді С. Оқасов.

"Орталықтың дәл қашан құрылатыны жайлы мен ештеңе айта алмаймын. Бұл - күрделі процесс, қазір белсенді дайындық жүргізіліп жатыр. Егер келесі жылы құрылып жатса, жақсы болар еді", - деді ТЖМ өкілі.

Сондай-ақ, сарапшылар Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің үкіметтері арасындағы төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсетудегі ықпалдастық жөніндегі 2009 - 2010 жылдарға арналған келісімді жүзеге асыру іс-шараларының жоспарын іске асыру жайын талқылады. Атап айтсақ, өзара ақпарат алмасу тетігін жасау, соның ішінде веб-сайт жасау, мамандар дайындау және технологиялар алмасу, өрт сөндіруші және апаттан құтқару қызметтерінің бірлескен оқу-жаттығуларының тізімін жасау жұмыстарын қарқындандыру мәселелері талқыланды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан Астанада Шанхай ынтымақтастығы ұйымының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі орталық ашуды ұсынуда. Бұл туралы бүгін ҚР ТЖМ аппаратының жетекшісі Сейітқажы Оқасов Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің төтенше жағдайлар жөніндегі сарапшыларының кездесуі барысында мәлім етті.

С. Оқасовтың айтуынша, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі орталығын ашу жөніндегі идеяны сол кезде РФ президенті болған Владимир Путин Бішкекте 2007 жылы ұсынған.

"Біз осындай орталықты Астанада құру үшін биыл осы бағыттағы жұмыстарды қарқындандырдық", - деді С. Оқасов.

Оның хабарлауынша, сонымен қатар сарапшылар Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің төтенше жағдайлар жөніндегі министрлерінің Маңғыстау облысында 5 маусымда өтетін IV кеңесіне дайындық жүргізуде. Кездесу барысында Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің үкіметтері арасындағы төтенше жағдайларды жою үшін өзара көмек көрсетудегі ықпалдастық жөніндегі келісімді жүзеге асырудың 2009-2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын бекіту жайы қаралады. Министрлер бұған қоса шекаралық ынтымақтастық мәселелерін қарастырып, трансшекаралық төтенше жағдайлар кезіндегі бірлескен іс-қимылдарды жоспарлайды. Тараптар ғылыми зерттеулер төңірегінде де тәжірибе алмасады.

Кездесу шеңберінде Баутино айлағында ҚР ТЖМ-нің "Мұнай-2009" атты командалық-штабтық оқу-жаттығулары өткізіледі. Онда шұғыл әрекет етуші отрядтардың ықпалдастығы, қатерлі аймақтан адамдарды көшіру және хабар беру жөніндегі байланыс арналарының жұмысы, зардап шеккендерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсету және төгілген мұнайды жою жайттары пысықталады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны