08.01.2008, 17:51 2934

БҰҰ өз жұмысындағы 2008 жылғы басым бағыттарды айқындады

БҰҰ өз жұмысындағы 2008 жылғы басым бағыттарды айқындады

Алматы. 8 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - БҰҰ өз жұмысындағы 2008 жылғы басым бағыттарды айқындады. Бұл туралы кеше БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде өткен баспасөз мәслихатында БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун мәлім етті, деп хабарлайды агенттік БҰҰ-ның сайтына сілтеме жасап.

Пан Ги Мунның хабарлауынша, 2008 жылы БҰҰ-ның жұмысында басым назар мыңжылдық даму мақсаттарын ілгерілетуге, адам құқықтарын қорғауға, шиеленістерді реттеу мен олардың алдын алуға, ғаламдық жылымық проблемаларын шешуге бағытталады.

"Өзіміз тұратын ғалам мен оның тұрғындарын қорғау - жаһандық ортақ мақсат, ол барлық қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануды талап етеді", - деді БҰҰ бас хатшысы.

Пан Ги Мунның хабарлауынша, сондай-ақ, биылғы жыл жер бетіндегі халықтың ең кедей бөлігінің жылы болатынын және БҰҰ-ның іс-қызметі олардың сұранысын қамтамасыз етуге бағытталатынын атап өтті.

БҰҰ бас хатшысы сонымен қатар биыл Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясының 60 жылдық мерейтойы атап өтілетінін еске сала отырып, Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакт мен Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар жөніндегі халықаралық пактіні жаппай ратификациялауға қол жеткізбек ниетінен хабардар етті.

Пан Ги Мун Ливанда трибунал құруға мейлінше белсене ықпал етуге және халықаралық әділеттілікті нығайтуға дайын екенін мәлімдеді. БҰҰ бас хатшысының айтуынша, 2008 жылы адам құқығын қорғау механизмдерін нығайтуға бағытталған жаңа ғаламдық науқан басталады.

Ғаламдық жылымық тауқыметіне тоқталған Пан Ги Мун Индонезияда өткен бас қосуда қол жеткізілген шешімдерді ілгерілете түсуге ниет білдірді.

Ал шиеленістерді реттеу мәселесіне тоқталған бас хатшы 2008 жыл шиеленістердің алдын алу ісіндегі БҰҰ ролін нығайту қажеттігін ескеру негізінде саяси мәселелер жөніндегі департаментті қайта құру жылына айналатынын жеткізді. Оның хабарлауынша, БҰҰ-ның Дарфурдағы бітімгершілік операциясы күн тәртібіндегі басымдық ретінде қала бермек.

Бүгінде Дарфурда тоғыз мыңдай бітімгерші бар екенін және оның жеткіліксіз екенін хабарлаған ол мемлекеттерді, соның ішінде Қауіпсіздік кеңесіне мүше елдерді Дарфурдағы бітімгершілік іс-қызметті нығайтуға қажетті ресурстар бөлуге шақырды. Сонымен бірге бас хатшы Судан билігі тарапынан тиісті қадамдарды талап ететін бірқатар техникалық мәселелердің бар екенін атап өтті.

Өзінің бірінші жұмыс жылынадағы нәтижелер жөніндегі журналистер сауалына берген жауабында бас хатшы бірінші кезекте ғаламдық жылымық тауқыметін шешу, Дарфурдағы шиелініс пен Ливандағы ахуалды реттеу бағытында "дұрыс жолды" тапқанын атап өтті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны