17.01.2007, 15:31 2741

Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоятын жүйелі шараларды бірлесе ойлап таппақшы

АЛМАТЫ. 17-қаңтар. Kazakhstan Today. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдер сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоятын жүйелі шараларды бірлесе ойлап таппақшы. Бұл туралы бүгін Алматыда Дүниежүзілік сауда ұйымының "Кеден мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған жұмыстарды жетілдірудің стратегиялық әдістері" тақырыбы бойынша өткен үш күндік субрегионалдық бас қосуға қатысушылар мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Қазақстан Республикасының кеден қызметі үшін сыбайлас жемқорлық қылмыстардың деңгейін төмендету, кедендік процедураларды жеңілдету мен қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды қолданысқа енгізу басымдыққа жатады",- деп мәлімдеді ҚР қаржы министрлігі кедендік бақылау комитетінің төрағасы Асқар Шәкіров.

А.Шәкіровтың айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін "кеден мекемелері халықаралық және аймақтық деңгейде ырғақты әрі үйлесімді жұмыс істеуге тиіс". "Конференция Дүниежүзілік сауда ұйымының қолдауымен өтуде",- деді А.Шәкіров. "Бұл бізге осы аймақта өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған ортақ шараларды қолдануға мүмкіндік береді".

Өз кезегінде Дүниежүзілік сауда ұйымының бас хатшысы Мишель Даненің айтуынша, "осы жолғы конференция белгілі бір міндеттерді көздейді және әріптестердің тәжірибесін пайдалануға ықылас бар".

"Біз сыбайлас жемқорлықпен күреске көмектесетін құралдардың толыққанды топтамасын қарастыратын боламыз. Соның нәтижесінде үкіметке арнайы ұсыныс жасауға тиіспіз",- деді М.Дане. "Біз өзара тәжірибе алмасып, пайдасы тиген және жарамсыз болып шыққан тәжірибелерді іріктеп, алдыңғыларын әжетке жарататын боламыз",- деді ол.

Кеден қызметкерлері арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларына, М.Даненің айтуынша, бірнеше шараны жатқызуға болады. Атап айтсақ, "бірінші кезекте шенеуніктерге жақсы жалақы төлеу керек". Сонымен бірге, "шұғыл жауап қатуға қатысты басқа да іс-әрекеттер мен қызметкерлерді оқытуға да" баса назар аудару қажет. Дүниежүзілік сауда ұйымының бас хатшысының пікірінше, "осынау індетке қарсы" қолданатын бір маңызды шара - "жеке бизнес, азаматтық қоғам мен кеден мекемелерінің бірлесе іс-әрекет жүргізуі болып табылады".

"Бас қосудың қорытындысы бойынша өңір елдерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы басымдық берілген іс-қызметінің басты бағыттарын қамтитын құжат қабылдау межеленген",- деді А.Шәкіров.

Конференцияға Еуразия құрлығындағы он ел мен Жапонияның кедендік әкімшіліктерінің жетекшілері қатысуда.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, осындай форум өткізу туралы шешім Дүниежүзілік сауда ұйымының саяси комиссиясының Үндістанда өткен 56-шы сессиясында қабылданды. Қазақстан саяси комиссияның құрамына 2005-жылы енген. Ол осынау халықаралық ұйымда ТМД және Балтық жағалауы елдерінің кеден қызметтерінің мүддесін қорғайды.

Дүниежүзілік сауда ұйымына 170 ел мүше. Ол мүше елдердің санына қарай халықаралық ұйымдардың арасында Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі екінші орында.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны