19.05.2006, 19:42 2874

Душанбеде өтетін ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысында күн тәртібіндегі 15 мәселе бойынша құжаттарға қол қойылады деп күтілуде

МИНСК. 19-мамыр. Kazakhstan Today. 25-мамырда Тәжікстан астанасы Душанбеде ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысы өтеді. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне ТМД Атқару комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Алдағы отырыстың күн тәртібінің жобасын 21-сәуірде ТМД сыртқы істер министрлерінің кеңесі 21-сәуірде бекітті және оған 22 мәселе қамтылған. ТМД сыртқы істер министрлері мен ТМД экономикалық кеңесі келіскен 15 мәселе бойынша құжаттар жобасы үкімет басшыларына талқылаусыз қол қоюға ұсынылады.
ТМД мемлекет басшыларының қазанда өткен саммитінде қабылданған шешімдерді жүзеге асыруға байланысты мәселелерге басымдық беріледі. Мәселен, ТМД-ға қатысушы елдердің гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кеңесі туралы келісім мен оның жарғысын қарау көзделген.

Сондай-ақ, ТМД елдеріндегі ересектерге білім беруді дамыту тұжырымдамасы; соғыс ардагерлері, жергілікті шиеленістерге қатысушылар, бітімгершілік шаралар мен лаңкестік құрбандарының еңбек қабілетінен айрылуының алдын алу мен тұрмыс сапасын жақсартудың әлеуметтік және медициналық негіздерін дамытудың 2006-2010-жылдарға арналған тұжырымдамасы; сондай-ақ, ТМД елдерінің 2010-жылға дейінгі мәдениет саласындағы негізгі ынтымақтастық шараларының бағдарламасы қабылданады.

Сонымен бірге Достастық үкімет басшылары тауарлардың шығу тегін айқындау ережелеріне ұсынылған өзгерістерді, орман өнеркәсіптік кешені мен орман шаруашылығы саласындағы ынтымақтатсық туралы келісімді, сондай-ақ, ТМД-ға қатысушы мемлекеттерден Достастық күштері корпусына арнап табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың залал-зардаптарын жою үшін бөлінетін құрылымдардың реестрін қарайды.

ТМД-ға қатысушы елдердің статистикалық қызметтерінің жетекшілері кеңесінің БҰҰ Бас ассамблеясының 2005-жылғы 22-шілдедегі қарарына негізделген ұсынысына сәйкес, ТМД мемлекет басшылары кеңесінің ТМД елдерінде 2010-жылғы раунд бойынша халық санағын біртұтас әдістемелік негізде өткізу туралы шешімінің жобасын мақұлдау көзделген.

ТМД Атқару комитетінің отырысына сонымен бірге қаржылық сипаттағы бірнеше мәселе дайындалып отыр. Атап айтсақ, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ТМД елдерінің бюджеттік қаржысы есебінен қаржыланатын органдарын ұстап тұруға бөлетін жарна үлестерінің мөлшері мен оны есептеу тәртіптері туралы шешім, сондай-ақ, аталмыш ТМД органдарын біртұтас еңбекақы жүйесіне көшіру туралы шешімдер қаралмақ. Отырысқа қатысушылар ТМД елдерінің бюджетінен қаржыландырылатын Достастық органдарының біртұтас бюджеті алдындағы 2005-жылғы берешегі туралы материалдарды да қарауға тиіс.




МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны