29.06.2006, 17:52 3186

Еліміздегі саяси күштерді біріктіру үшін сайлау және саяси партиялар туралы қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу қажет, деп пайымдайды Асарлықтар

Еліміздегі саяси күштерді біріктіру үшін сайлау және саяси партиялар туралы қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу қажет, деп пайымдайды Асарлықтар

АЛМАТЫ. 29-маусым. Kazakhstan Today. Еліміздегі саяси күштердің бірігуі үшін сайлау және саяси партиялар туралы қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізу қажет. Бұл туралы “Асар“ республикалық партиясының өкілдері бүгін өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді,- деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

“Асар“ республикалық партиясы саяси кеңесінің мүшесі, мәжіліс депутаты Сергей Киселевтің айтуына қарағанда, “партиялар бүгінде бірігу үшін құқықтық аяда үлкен қиындықтарға тап келетін түрі бар”. “Қазіргі бар заңнама саяси партиялар мен басқа да қоғамдық бірлестіктердің бір үлкен партияға бірігу мәселесін толыққанды реттей алмайды. Нормативтік актілердің тиісті бағыныш сатысы бар”,- деді ол.

Айталық, С.Киселевтің хабарлауынша, саяси партиялар туралы заңның 14-бабына сәйкес, қазіргі бар саяси партияны қайта құрған (біріккен, қосылған) жағдайда қайтадан тіркелу қажет. “Бұл дегеніңіз, партия мүшелерінің 50 мың қолын қайта жинау, жаңа мүшелерді тарту, барлық құжаттарды қайтадан өткеру деген сөз. Бір сөзбен айтқанда, іс жүзінде саяси партия құрудың машақаты мол күрделі процестерінен қайта өтіп шығу керек”,- деді депутат. “8-бапқа сәйкес, бірігетін немесе қайта құрылатын саяси партиялардың әрбір мүшесі жазбаша өтінішті қайта жазуға тиіс, бұл да бір үлкен тауқымет”,- деді С.Киселев.

Сонымен бірге оның айтуынша, сайлау туралы заңның 97-бабына сәйкес, саяси партияны жою немесе партия мүшелігінен шығу – осы партияның тізімі бойынша сайланған мәжіліс депутаттарының өкілеттілігінің аяқталуына негіз болады. “Бұл жерде партия мүшелігінен шығу туралы болып отыр. Алайда, саяси партиялар туралы заңның 8-бабында көрсетілгендей, басқа партияға мүшелікке өту – партияға мүше болуды доғаруға негіз”. Демек, “бірігуге ниет білдірген партиялардың тізімі бойынша сайланған мәжіліс депутаттары парламенттегі орындарынан айрылады”,- деді ол.

“Асар” партиясы өкілдерінің айтуынша, бірігу туралы келісім-шартқа қол қою секілді белгілі бір процедуралардан өту қажеттігі де тағы бір машақат. “Ирбір партияның өзіне қарасты мүліктері мен басқарушы органдары бар. Бұл мәселе, меніңше, келісім-шартында көрсетілуге тиіс. Еліміздің заңнамасында саяси партиялар арасындағы осындай келісім-шарттары туралы тікелей нұсқаулықтар жоқ”,- деді С.Киселев.

“Асар” партиясының депутаттары ретінде біз қолданыстағы заңнамаға саяси партияларды қайта құру бағытында өзгерістер енгізу жөнінде бастама көтермекпіз”,- деп мәлімдеді С.Киселев. “Саяси партиялардың бірігуіне қатысты мәселелер бойынша Конституция мен конституциялық заңның бірқатар ережелеріне түсініктеме беру жөнінде Конституциялық кеңеске сұрау салу қажет. Бұл күзде ғана іске асады деп ойлаймын”,- деді С.Киселев.

“Президентті жақтайтын барлық саяси күштерді біріктіру жөнінде бастамашылар ретінде біз осындай мәселелерді зерттей келе былай деп мәлімдейміз: құқықтық мәселелерді шешпейінше, заңнамадағы проблемалар мен ақтаңдақтарды жоймайынша, партияларды біріктіру, осындай бірлестіктің заңдылығы төңірегінде көптеген сұрақтардың туындауына түрткі болады деген көзқарасқа келіп тірелдік”,- деді С.Киселев.

Оның мәліметтеріне жүгінсек, қазір парламенттің мәжілісінде партиялық тізім бойынша сайланған 10 депутат жұмыс істеуде. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2006-жылдың 19-масымында “Асар“ республикалық партиясының бас қосуында партия жетекшісі Дариға Назарбаева еліміздегі барлық саяси күштерге бірігуді ұсынып, жұртшылық назарына “Президентті жақтайтын партияларды біріктірудің идеологиялық тұғырнамасы” атты құжатты ұсынған болатын.




МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны