08.01.2008, 15:51 2707

Грузиядағы кезектен тыс президент сайлауында Михаил Саакашвили алда келеді

Грузиядағы кезектен тыс президент сайлауында Михаил Саакашвили алда келеді

Тбилиси. 8 қаңтар. "Қазақстан Бүгін" - Грузия Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, Грузияда 5 қаңтарда өткен кезектен тыс президент сайлауында Михаил Саакашвили алда келеді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

Грузия Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, сайлау учаскелерінің 87%-да жиналған мәліметтер өңделгеннен кейін Михаил Саакашвили сайлаушылардың 52,1% дауысын жинады. Ал басқа кандидаттар бойынша дауыстар былай бөлінді: Біріккен оппозицияның кандидаты Леван Гачечиладзе 25%, бизнесмен Бадри Патаркацишвили - 6,7%, Лейбористердің жетекшісі Шалва Нателашвили - 6,3%, "Новые Правые" партиясының жетекшісі Давид Гамкрелидзе - 3,9%, Георгий Маисашвили - 0,7%, Ирина Саришвили - 0,2%.

Грузия Орталық сайлау комиссиясы елдің барлық сайлау учаскелерінен келген дауыстарды 8 қаңтар күні кешке санап аяқтайды деп күтілуде. Грузиядағы президент сайлауының жеңімпазы атағына 50% плюс бір дауыс жинаған кандидат ие болады.

Грузиядағы президенттік сайлаудың түпкілікті нәтижесі 13 қаңтардан кейін, Грузия Орталық сайлау комиссиясына сайлау барысына қатысты келіп түскен барлық арыз-шағымдар қаралғаннан кейін жария етілмекші. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Леван Тархнишвилидің журналистерге хабарлағанындай, келіп түскен арыз-шағымдардың жалпы саны 400-ден асады. 40 шағым сайлау учаскелеріндегі сайлау қорытындысын қуатсыз деп тануға қатысты.

Грузин оппозициясының өкілдерінің мәлімдеуінше, 5 қаңтарда өткен президент сайлауларында "жаппай бұрмалаушылықтар" байқалды. Біріккен оппозиция өкілі Тинатин Хидашили сейсенбі күні Грузияның кейбір аудандарында болған сайлау қорытындысын бұрмалау деректерін журналистерге мәлімдеді. Оның айтуынша, Аджария және Самегрело аудандарында екінші хаттамалар түзетілген.

Біріккен оппозицияның пайымдауынша, іс жүзінде М. Саакашвили 40%-дан артық дауыс жинай алған жоқ, ал Л. Гачечиладзе 30% дауыс жинады. Біріккен оппозицияның өкілдері бұрын жоспарланғанындай, жаппай наразылық шараларын өткізбейді. Олар бірнеше учаскедегі сайлау қорытындысын сот арқылы жоққа шығаруға ниет білдіріп отыр. Бұл, олардың пікірінше, М. Саакашвилидің пайдасындағы дауыстар санының азаюына алып келеді, яғни, президентттік сайлаудың екінші туры өткізіледі деген сөз.

Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы шешімді президент Михаил Саакашвили 2007 жылдың қараша айында, оппозицияның ауқымды митингісі күшпен қуып таратылғаннан кейін, төтенше жағдай енгізілген ахуалда қабылдады.

5 қаңтарда өткен президент сайлауына Грузияда 2 миллионға жуық адам, немесе, жалпы сайлаушылардың 60 % қатысты.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны