14.03.2007, 16:07 3163

Қазақстан Ауғанстанға қаржылай-экономикалық көмек көрсету бағдарламасын жасауға бастама көтерді

АСТАНА. 14-наурыз. Kazakhstan Today. Қазақстан халықаралық қоғамдастық тарапынан Ауғанстанға ауқымды қаржылай-экономикалық көмек көрсету бағдарламасын әзірлеуге ұсыныс жасады. Бұл туралы бүгін "Қазақстан Республикасының халықаралық ынтымақтастығы: нақты ахуал, міндеттер мен болашақ" тақырыбындағы халықаралық бас қосуда сөз алған Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Берік Имашев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Біздіңше, трансұлттық есірткі саудасына табысты қарсы тұру үшін негізгі күшті осы зұлматты біржола жоюға жұмылдыру қажет. Аталмыш мақсатта Ауғанстанның экономикасын есірткіге тәуелділіктен құтқару және осы елден заңды өнімдерді экспортқа шығаруға ынталандыратын алғышарттарды қалыптастыру мақсатында елге ауқымды қаржылай-экономикалық көмек көрсету жөнінде нақты бағдарламалар жасау керек",- деп мәлімдеді Б. Имашев.

Сонымен қатар, ол аталмыш мәселеде "аймақ мемлекеттерінің ғана емес, сондай-ақ барлық әлемдік ірі державалардың белсенді қатысуын талап ететіндігін", атап көрсетті. "Қазақстан бұл іске өз шамасынша үлес қосуға дайын",- деп қосты Қауіпсіздік кеңесінің басшысы.

Б. Имашев қазіргі уақытта "Алматыда БҰҰ-ның көмегімен Орта Азиядағы есірткіге қарсы біріккен іс-қызметтерді үйлестіретін аймақтық халықаралық ақпараттық орталық құрылып жатқандығын" еске сала кетті. "Орталықтың ашылуы Қазақстанның есірткінің таралуымен күрес саласындағы өзіне жүктеп алған халықаралық міндеттемелерінен ауытқымайтынына дәлел болып табылады",- деп атап көрсетті ол.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны