06.03.2007, 11:57 3308

Қазақстан мен Грузия халықаралық автокөлік қатынасы туралы жаңа келісімге қол қойды

АСТАНА. 6-наурыз. Kazakhstan Today. Бүгін Астанада Қазақстан мен Грузия арасындағы халықаралық автокөлік қатынасы туралы жаңа келісімге қол қойылды, деп хабарладйы Kazakhstan Today тілшісі.

Қазақстан жағынан құжатқа еліміздің көлік және коммуникациялар министрі Серік Ахметов, ал Грузия жағынан осы елдің экономикалық даму жөніндегі вице-министрі Иванэ Накаидзе қол қойды.

"Қазақстан мен Грузия арасындағы бұған дейінгі 1993-жылғы келісім бойынша автокөлік тасымалдары рұқсатнама жүйесіне сәйкес жүзеге асырылатын.. Қазір бұл шаруа жеңілдетілді. Біздің пайымдауымызша бүгін қол қойылған келісім тауар айналымын арттыруға, екі мемлекет арасындағы экономикалық байланыстарды жақсартуға мүмкіндік жасайды",- деді құжатқа қол қою рәсімінен кейін еліміздің көлік және коммуникациялар вице-министрі Жеңіс Қасымбек.

Өз кезегінде Грузияның экономикалық даму жөніндегі вице-министрінің айтуынша, "бұл келісім екі ел арасында қосымша тағы бір етене жақын экономикалық байланыс орнатып отыр". "Келісімге қол қойылмас бұрын біз министрмен темір жол көлігі жөнінде де, авиация жөнінде де сөз қозғадық, біздің жақсы жоспарларымыз бар, соның ішінде қазақстандық инвесторлардың Грузиядағы көлік инфрақұрылымын дамытуға атсалысу мүмкіндігі туралы да айтылды",- деді И.Накаидзе.

Еліміздің көлік және коммуникациялар министрлігінің баспасөз баянында атап көрсетілгеніндей, "аталмыш келісімге қол қою арқылы халықаралық автокөлікпен жасалатын жүк тасымалына рұқсат беру жүйесінің қажеттігі жойылып, тасымал көлемін ұлғайтуға және Грузияға жүк тасымалында Евро-0 стандарына сай келетін Қазақстанның автокөлік құралдарын пайдалануға жағдай жасалып отыр". Бұл қазақстандық тасымалдаушыларға Закавказье мен Орталық Азия елдеріндегі автотранспорттық қызметтер нарығында басымдыққа ие болуға мүмкіндік береді. Өйткені, қазақстанда осындай техникалық деңгейдегі автокөліктер саны өңір елдерімен салыстырғанда әлдеқайда артық. Осындай келісімдерге бұған дейін Армания, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанмен қол қойылған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны