29.03.2007, 16:08 3406

Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы екі елдің әлеуетіне сай емес

АСТАНА. 29-наурыз. Kazakhstan Today. Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы екі елдің әлеуетіне сай емес. Мұндай пікірді Польша президенті Лех Качиньскиймен кездесуінен кейін өткен біріккен баспасөз мәслихатында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Өткен жылғы қорытынды бойынша өзара тауар айналымы 507 млн АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткіш екі елдің мүмкіндігіне сай емес",- деді Нұрсұлтан Назарбаев. Президенттің пікірінше екі елдің де "көлік, транзит, машина жасау, қорғаныс өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы сияқты салалардағы ынтымақтастығын дамытуға жақсы мүмкіндіктері" бар.

"Біз сондай-ақ Орта Азиядан Польша аумағы арқылы ЕуроОдақ елдеріне қуат көздерін тасымалдаудың болашағын қарастырдық. Қазақстанның Еуропаға энергоресурстарын тасымалдаушы ретіндегі маңызды ролі атап көрсетілді",- деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан басшысы, "екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнаған 15 жыл ішінде экономикалық және саяси ынтымақтастықтың мықты іргетасы қаланғанын", атап өтті. "Польша Қазақстанның Орталық Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық серіктесі болып табылады",- деп қосты ол.

Л. Качиньский өз кезегінде, "Польша мен Қазақстанның қарым-қатынасы жақсы дамып келе жатқандығын және қазіргі уақытта ешқандай талас туғызатын мәселелер жоқ" екендігін атап өтті. Сондай-ақ, ол екі ел арасындағы тауар айналымы көлемінің қанағаттанарлық емес екендігін айтып өтті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны