18.03.2011, 14:16 3890

Қазақстан мен Ресей президенттері екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Ресей президенттері екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі ҚР президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Астана. 18 - наурыз. Kazakhstan Today - Қазақстан мен Ресей президенттері екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі ҚР президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевпен кездескен. Кездесу Ресей Мемлекет басшысының Мәскеу маңындағы "Горки-9" резиденциясында өтті.

"Құрметті Нұрсұлтан Ибішұлы, бұл біздің биылғы жылдағы алғашқы кездесуіміз. Мен бұл жыл біздің елдеріміз үшін табысты болатынына сенемін. Біздің қарым-қатынастарымыз ұзам мерзімді, орнықты. Біз Кеден одағы аясында жұмыс істейміз, Еуразиялық экономикалық одақтың негізін салудамыз - бұл интеграция ісінде алға басқан сапалы қадамымыз", - деп атап өтті Дмитрий Медведев кездесуді аша отырып.

"Құрметті Дмитрий Анатольевич, Сізге рахмет, кездесуге уақыт бөліп отырсыз. Өткен жылы ЕҚЫҰ-ның саммиті табысты өтті. Біз оны бірге өткіздік. КСРО тарағаннан кейінгі 20 жыл ішінде біз алғаш рет табысты интеграциялық бірлестік - Кеден одағын құрдық. Биылғы жылы біз ішкі шекарадағы барлық кедендік бекеттерді алып тастаймыз, олар сыртқы шептерге орналастырылады. Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай проблема жоқ", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан мен Ресей басшылары мұнайгаз ресурстарын тасымалдау және Каспий қайраңындағы көмірсутекті игеру салаларындағы, атом мен электр энергетикасы, транзит-көлік, ғарыш және индустриалдық-инновациялық салалардағы негізгі бағыттар бойынша екі жақты ынтымақтастықтың жағдайы мен перспективаларын талқылады.

Кездесу кезінде Қазақстан мен Ресей аймақаралық байланыстарының өнімді дамуы атап өтілді. Қазақстан мен Ресей Президенттерінің бастамасымен жыл сайын өтетін шекара маңындағы ынтымақтастық форумының шешімдерін іске асыру барысы талқыланды.

Екі ел көшбасшыларының кездесуінде Қазақстан мен Ресейдің 2011 - 2012 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыру барысы туралы, оның ішінде стратегиялық жағынан маңызды бірлескен жобалар туралы - "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" автомобиль дәлізінің құрылысы, "Байқоңыр" ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану, "Бәйтерек" қазақстандық-ресейлік ғарыш зымыраны кешенінің құрылысы, "КАЗСАТ-2" спутнигін құру және ұшыру, "ГЛОНАСС" жаһандық навигациялық спутниктік жүйесін бірлесіп пайдалану, нанотехнология және басқа салалардағы жобаларды дамыту үшін құрылған екі жақты еншілес қорлар қызметі туралы әңгіме қозғалды.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведев Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігінің жүйелі негізге дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.

2010 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 27,8 пайызға өсіп, 15,8 миллиард долларды құрады. Бұл екі ел экономикасының дағдарысқа дейінгі даму деңгейіне шығуына және өзара тиімді ынтымақтастығының қарқынды өсуіне дәлел.

Дмитрий Медведев Қазақстан Ресейдің негізгі сауда-экономикалық серіктесі, тату көрші және маңызды стратегиялық одақтасы болып саналатынын атап өтті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшылары Қазақстан, Ресей мен Беларусь Кеден одағының қалыптасу мәселесі мен даму перспективасын, іске қосылуы 2012 жылға жоспарланған, үш елдің Бірыңғай экономикалық кеңістігінің шарттық базасын қалыптастыру барысын талқылады.

"Интеграция - бұл біздің азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін арттырудың тәсілі", - деп мәлім етті Дмитрий Медведев.

Нұрсұлтан Назарбаевпен әңгімесінде, "Сіз интеграция идеясын әрдайым дәйектілікпен қуаттап келдіңіз және бұл үшін көп істер атқардыңыз" деп атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Дмитрий Медведев халықаралық саясаттың ағымдағы мәселелері, аймақтағы және ТМД-дағы жағдайдың дамуы, ҰҚШҰ, ЕурАзЗҚ, ШЫҰ мен АӨСШК аясында көпжақты өзара іс-қимылды нығайту жолдары туралы пікір алмасты.

Ресей мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алдағы Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауда табыс тіледі.

"Біз Сізді, Нұрсұлтан Ибішұлы, Ресей Федерациясының досы ретінде өте құрметтейміз. Сіз біздің қарым-қатынастарымыздың дамуына үлкен үлес қостыңыз. Біз Сізге барынша табыс тілейміз. Біз Сізбен алдағы жылдары да тығыз жұмысты жалғастырамыз деп сенемін", - деді Дмитрий Медведев.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны