14.04.2010, 12:41 2544

Қазақстан президенті ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдауды ұсынды

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қоғамдастыққа Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын әзірлеуді және қабылдауды ұсынды.Қазақстан президенті ядролық қауіп-қатерді азайтуға бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізді. Бірінші кезекте, ол ядролық салада мемлекеттің барынша ашықтығы мен есептілігін қоса алғанда, ондай материалдарды пайдалану және орналастыруға бақылау жасаудағы...

Астана. 14 сәуір. Kazakhstan Today - Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік қоғамдастыққа Ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын әзірлеуді және қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ астанасы Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитке қатысып, оның барысындағы пікірталас аясында сөз сөйледі.

Пікірталасқа қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді белсенді түрде алға жылжытушы болып табылатынын атап өтті. Бұдан 20 жыл бұрын Семей сынақ алаңы жабылды. Еліміз әлемде қуаты жағынан төртінші болып есептелетін ядролық қарудан бас тартты, АҚШ және Ресеймен бірлесіп, бұрынғы КСРО-ның ядролық қаруын қазақстандық аумақтан шығару жөнінде жұмыстар жүргізілді. Илемдік қоғамдастықтың қолдауымен Қазақстанда ядролық қауіпсіздік саласындағы бірқатар өзге де маңызды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, ядролық отынды жоғары байыту төменгі байыту жағдайына түсірілді. Уран өндіру және өңдеуде әлемдік рынокта Қазақстанның көшбасшылық позициясын есепке ала отырып, ерекше маңызды болып табылатын ядролық инфрақұрылымдар мен ядролық материалдардың қауіпсіздігін арттыру жөнінде шаралар қабылданды. Қазақстандағы барлық ядролық объектілер МАГАТЭ-нің қатаң бақылауына алынған.

Қазақстан президенті ядролық қауіп-қатерді азайтуға бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізді. Бірінші кезекте, ол ядролық салада мемлекеттің барынша ашықтығы мен есептілігін қоса алғанда, ондай материалдарды пайдалану және орналастыруға бақылау жасаудағы МАГАТЭ-нің функциясы мен рөлін күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

"МАГАТЭ-нің БҰҰ-ның ядролық объектілерге халықаралық инспекторларды жіберуге мемлекеттің жалтаруы фактілерін реттейтін нақты схемасын әзірлеу қажет", - деп атап өтті мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Жаһандық саммитке қатысушыларды ядролық қарудан еркін аймаққа, соның ішінде 2006 жылы құрылған Орталық Азиядағы ядролық қарусыз аймаққа барынша назар аударуға шақырды. Оның мәртебесін заңдылық тұрғыдан бекітуді қарастырудың, ядролық лаңкестіктің қаупімен күрес және оны таратпауда іс тұрғысындағы құрал ретіндегі рөлін арттыру маңызды.

"Бірінші кезекте, әңгіме ядролық мемлекеттер тарапынан қауіпсіздікке кепілдік беру, сондай-ақ мұндай аймаққа мүше елдердің олардың бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламаларына қолдау көрсетуде жеңілдіктер қарастыру туралы болып отыр", - деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан МАГАТЭ аясында ядролық отынның халықаралық банкін құру туралы идеяны қолдайтынын және өткен жылы ядролық отынды сақтауды қамтамасыз ету үшін өз аумағында оны орналастыруға әзір екендігін ресми түрде қуаттағанын атап өтті.

Қазақстан ядролық материалды іс жүзінде қорғау және ядролық лаңкестік актілерімен күрес туралы БҰҰ-ның конвенциясына қатысушы болып табылатыны ерекше атап өтілді, сол себепті осы көптарапты құжатты жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастықтың нақты тетіктерін әзірлеп, іске асыру маңызды деп есептейді.

Мемлекет басшысы барлық мемлекетті іс жүзінде ядролық сынақтарға тыйым салудың жалпыға ортақ шартына қосылуға әрі оны бекітуге шақырды.

"Қазақстан стратегиялық шабуылдаушы қаруларды шектеу туралы АҚШ пен Ресей арасындағы жаңа шартқа қатысты келісімге қолдау білдіреді. Біздің еліміз осы құжатқа қол қойылуын ядролық әлеуетті қысқарту ісінде өзге ядролық мемлекеттер үшін белгі болуы тиіс маңызды акті ретінде қарастырады", - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан әскери мақсаттағы бөлшектелетін жарылғыш заттардың шекті көлемі туралы Шарт таяу уақытта қабылданатынына сенімді. Ядролық қаруды таратпау және оны жою туралы жалпыға ортақ бірігей жаңа шартты бекіту маңызды.

Вашингтон саммитінің шешімдерін жүзеге асыруға Қазақстанның қосатын үлесі Астанада ядролық лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі жаһандық бастама аясында конференция өткізу болып табылатыны атап өтілді.

Мемлекет басшысы АҚШ президенті Барак Обаманың шақыруы бойынша Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің жұмысына қатысуда. Онда Қазақстанның ядролық қарусыздану процесіне қосқан маңызды үлесі және біздің еліміздің ядролық қаруды таратпаудағы рөлі атап өтілді. Жаһандық саммитке әлемнің 43 елінің, соның ішінде АҚШ, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Австралия, Бразилия, Германия, Испания, Израиль, Сауд Арабиясы және өзге елдердің мемлекет және үкімет басшылары қатысуда.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны