30.03.2010, 18:24 3393

Қазақстан президенті словакиялық компанияларды жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысуға шақырды

Қазақстан президенті словакиялық компанияларды жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысуға шақырды

Астана. 30 наурыз. Kazakhstan Today - Ақордада президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Словакия Республикасының президенті Иван Гашпаровичпен кездесті, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесудің ресми рәсімінен кейін шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жүргізілді. Оның барысында қазақстандық-словакиялық сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын кеңейтудің перспективасы талқыланды.

Мемлекет басшысы екі елдің арасында жоғары деңгейде сенімді саяси диалог қалыптасқанын атап өтті. 2001 жылы қарашада Словакия президенті Р.Шустер Қазақстанға алғашқы сапармен келсе, өз кезегінде 2007 жылы қарашада Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаев Словакияға мемлекеттік сапармен барды. Сапардың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы арасындағы өзара қарым-қатынастардың негізі туралы Декларацияға, екі ел арасындағы байыпты келісімшарт-құқықтық базаны қалыптастырушы және сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуды қамтамасыз етуші үкіметаралық және ведомствоаралық келісімдерге қол қойылған еді.

Парламентаралық және өңіраралық байланыстар табысты дамуда. Словакия парламентінде 50 депутаттан тұратын Қазақстанмен достық тобы құрылған. Мұндай бірлестік ҚР парламентінде де жұмыс істейді. Өткен жылы Қарағанды мен Курчатовта Словакияның құрметті консулдығы ашылды.

Президент Н.Назарбаев Қазақстан Словакиямен екжақты байланыстарды дамытуға үлкен мән беретінін атап өтті. Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстандық-словакиялық үкіметаралық комиссия жемісті жұмыс жүргізіп келеді. Илемдік қаржы дағдарысына қарамастан, өзара тиімді сауда айналымының көлемі 2009 жылы 10 пайызға артты және 1 миллиардтан астам долларды құрады. Жалпы, 2003 - 2009 жылдар аралығында өзара тиімді сауда көлемі 10 есеге дейін өсті.

"Бұл Қазақстанның Шығыс Еуропа елдерімен саудасындағы ең жоғары көрсеткіш. Біз осы ынтымақтастыққа үлкен мән береміз", - деп атап көрсетті Н.Назарбаев.

Қазақстандық экспорттың негізгі бөлігі мұнай және мұнай өнімдері, түсті металл, металл қалдықтары, мақта, химикаттар болып табылады. Словакиядан машина, техника және жабдықтар, құрылыс материалдары, гербицидтер, дәрі-дәрмек, азық-түлік өнімдері, полиграфиялық өнімдер, тоқыма және жиһаз тасымалданады.

Қазақстанда құрылыс, фармацевтикалық препараттар өндірісі, көтерме сауда мен қызмет көрсету салалары бойынша 17 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстан Словакияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесін қарқынды түрде қосуда. Соңғы екі жылда Словакияға қазақстандық көмірсутегі шикізатын жеткізу көлемі үш есеге өскен және 2009 жылы мұнай тасымалы 3 миллион тоннаны құрады.

Словакия президенті И.Гашпаровичтің сапары аясында Астанада өтетін қазақстандық-словакиялық бизнес-форум сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуде айтарлықтай рөл атқаратын болады.

Президент Н.Назарбаев Қазақстан жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыратынын, оны іске асыру үшін 20 миллиард доллар бөлінетінін және 176 жаңа нысан салынатынын атап өтті.

"Мен словакиялық бизнесмендерді аталған бағдарлама аясында ынтымақтастыққа шақырамын", - деді мемлекет басшысы.

Словакия президенті И.Гашпарович Қазақстанның экономикасының дамуына және Астанадағы құрылыс қарқынына таңданысын білдірді.

"Бұл жаңа Қазақстанның құрылыс саласындағы айқын перспективасының айғағы",- деп атап өтті ол.

Словакия көшбасшысы Қазақстан өңірде тек ірі шикізат және энергоресурстарды жеткізуші ретінде ғана емес, сондай-ақ өңірлік саясатқа белсенді қатысушы ретінде өте маңызды рөл атқаратынын атап көрсетті.

"Сіздердің елдің ЕҚЫҰ-на төраға болуы - Қазақстанның саясатын қолдаудың айғағы болып табылады. Осы төрағалық және Астанада өтеді деп жоспарланған ЕҚЫҰ саммиті табысты өтетініне сенемін", - деп атап өтті И.Гашпарович.

Ол Қазақстан Словакия үшін және барлық ЕО үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктес болып табылатынын атап өтті.

Келіссөздер барысында сондай-ақ Словакияның автомобиль жасау кластерін құру, құрылыс, жеңіл және азық-түлік өнеркәсібіндегі тәжірибесі Қазақстанда бірлескен жобаларды жүзеге асыру үдерісінде пайдаға асуы мүмкін екені атап өтілді.

Сондай-ақ өңдеуші өнеркәсіп, жеңіл тауарлар өндірісі, азық-түлік және ағаш өңдеу өнеркәсіптеріндегі, туристік және білім саласындағы, шағын және орта бизнестегі тәжірибе алмасулар бойынша ынтымақтастық перспективалық бағыттар болып табылады. Бұдан басқа, Қазақстан, Ресей және Беларусь Кедендік одағының құрылуы біздің еліміздегі словакиялық компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Өзекті халықаралық проблемаларды талқылау келіссөздің маңызды тақырыбына айналды. Н.Назарбаев пен И.Гашпарович халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша, ядролық қарусыздану және оны таратпау тақырыбында Қазақстан мен Словакияның ұстанымы ұқсас екеніне тоқталды.

Келіссөздерден кейін президенттер бірлескен баспасөз конференциясын өткізді.

Н.Назарбаев СТV словакиялық телеарнасының сауалына жауап беру барысында словакиялық компанияларды жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысуға шақырды. Атап айтқанда, Қазақстанда құрылыс индустриясы, жиһаз саласы, жеңіл өнеркәсібі мен жалпы машина жасау саласы, автомобиль жасау саласын дамыту үшін кәсіпорындар құруды ұсынды.

Өз кезегінде президент Иван Гашпарович Словакия жерасты газын сақтайтын құрылыс жөнінде жаңаша тәжірибені алмасуға, Қазақстанда және Орталық Азияда қазақстандық компаниялармен бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық барын атап өтті. Сондай-ақ атом энергетикасы саласындағы екіжақты өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарына тоқталды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны