04.12.2006, 10:22 2503

Қазақстан президенті жұмыс сапарымен Бельгияға келді

АСТАНА. 4-желтоқсан. Kazakhstan Today. Қазақстан президенті жұмыс сапарымен Бельгия Корольдігіне, Еуропалық Одақ пен Солтүстік Атлантикалық альянстың бас пәтеріне келді, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігі президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, сапар аясында мемлекет басшысы Бельгия королі ІІ Альбертпен, осы елдің үкімет басшысы Ги Верхофстадтпен, сондай-ақ, Люксембург үкімет абсшысы Жан-Клод Юнкермен кездеседі.

Сонымен бірге Н. Назарбаев Еуропалық Одақ кеңесінің бас хатшысы және Еуропалық Одақтың жалпы сыртқы саясат және қауіпсіздік саласындағы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Хавьер Соланамен, Еуропалық комиссияның президенті Жозе Мануэль Дурау Баррозумен, Еуропалық комиссияның сыртқы байланыс және Еуропалық көршілік саясат жөніндегі комиссары Бенита Ферреро-Вальднермен, Еуропарламент төрағасы Хосе Боррель Фонтельеспен, Солтүстік Атлантикалық альянстың бас хатшысы Яап де Хооп Схеффермен кездеседі деп жоспарланған.

Президенттің Брюссельге сапары барысында Қазақстанның ядролық отынын Еуропалық Одақ елдеріне сатуға мүмкіндік беретін құжаттарға, соның ішінде энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойылады.

"Нұрсұлтан Назарбаевтың Брюссельге сапары кезінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, сондай-ақ, атомды бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі меморандумға қол қойылады",- деп хабарлады өткен аптада еліміздің энергетика және минералды ресурстар министрі Б.Ізмұхамбетов.

Оның айтуынша, әлемдік қордың 20 процентінен асатын уран кеніне ие Қазақстан тек уранды өндірумен ғана шектелмей, сонымен бірге оны байытып, АЭС-ына арналған ядролық отын түрінде қосалқы құны жоғары өнім шығаруға да ниет білдіруде.

"Қазір біз осындай "таблеткаларды" Ресейдің Атом электр станцияларына арнап шығарамыз. Ал болашақта оны басқа елдерге де сатпақшымыз" ,- деді министр.

"Президенттің сапары кезінде қол қойылады деп межеленген меморандумда дәл осы бағытта ЕО елдерімен келешекте ынтымақтастық орнату мүмкіндігі қарастырылады",- деді Б.Ізмұхамбетов.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны