25.07.2007, 14:10 6223

Қазақстан шекаралас мемлекеттермен біртұтас кедендік бекеттер құруға дайын

АЛМАТЫ. 25 шілде. Kazakhstan Today. Қазақстан шекаралас мемлекеттермен біртұтас кедендік бекеттер құруға дайын. Бұл туралы бүгін ЕҚЫҰ-ның "Орталық Азияда кеден саласындағы тиімді басқару әдістеріне жәрдем беру" атты аймақтық конференциясы барысында ҚР Қаржы министрлігі кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Софья Айсағалиева хабарлады.

"Біз бұл пилотты жобаны ресейліктермен бірлесе бастағалы отырмыз. Келесі жылға арналған бюджеттің жобасында біртұтас өткізу бекеттерін салуға арналған қаржы қарастырылған", - деді С. Айсағалиева. Оның айтуынша, "бұл салада асқан абайлықты талап ететін көптеген ұйымдастырушылық мәселелері бар".

"Келесі жылы біз бірлескен бақылауға біртіндеп көшу үшін сарапшылардың бірқатар кездесулерін өткізбекпіз. Сонымен бірге біз Қытай жағымен де осындай келіссөздер жүргізіп, бірлескен іс-әрекеттердің қайсы кезеңде өткізілетіндігін айқындаймыз" - деді С. Айсағалиева.

Бұған қоса, төраға орынбасарының хабарлауынша, "Қазақстан осыдан бір ай бұрын Бүкіләлемдік кеден ұйымының саяси комиссиясына сайланды, бұл комиссияға республика бүкіл ТМД өңірі мен Балтық жағалауы елдерінің атынан қатысады". "Біз желтоқсан айының 6 мен 8 аралығында Алматыда Бүкіләлемдік кеден ұйымының саяси комиссиясының 58-ші сессиясын өткіземіз", - деді С. Айсағалиева. Оның пікірінше, "бұл тек Қазақстанның кеден қызметін мойындауға ғана емес, жалпы Қазақстанның мәртебесін көтеруге жасалған ауқымды шара болмақ".


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны