05.04.2007, 14:29 3263

Қазақстан үкімет басшысының Грузияға ресми сапары басталды

ТБИЛИСИ. 5-сәуір. Kazakhstan Today. Республика үкімет басшысы Кәрім Мәсімов басқарған қазақ өкілдері сәрсенбі күні екі күндік ресми сапармен Тбилисиге келді, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі Тбилисиден.

Грузия үкіметі кеңсесінің хабарлауынша, бейсенбі күні түске дейін Грузия мен Қазақстан үкімет басшыларының кездесуі өтеді. Бұдан кейін Кәрім Мәсімов пен Зураб Ногаидели біріккен баспасөз мәслихатында журналистердің сауалдарына жауап береді.

Бұдан кейін "Тбилиси Мэрриот" қонақ үйінде қазақстандық компаниялардың инвестициялық жобаларының тұсаукесері өтеді. Тұсаукесерден кейін қонақтар Грузия астанасының орталығындағы Батырлар алаңына барып, ол жерде Грузияның аумақтық біртұтастығы үшін күресте опат болғандардың ескерткішіне гүл шоқтарын қояды.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандық өкілдер Грузия парламентінде де болады. Онда парламент төрағайымы Нино Бурджанадземен кездеседі.

Өкілдер бұдан кейін Батыс Грузия мен Аджарияда болып, курорттық Кобулети қаласында қазақстандық инвестициялық нысандарды, Батумидегі теңіз сауда айлағы мен мұнай терминалын аралайды. Поти теңіз айлағында делегация астық терминалын салуға арналған аумақты көреді.

Бұрын хабарлағанымыздай, Поти теңіз айлағында астық терминалын салу туралы келісімге Қазақстан мен Грузия экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Грузия-Қазақстан үкіметаралық комиссиясының 2-сәуірде Тбилисиде өткен үшінші отырысы аясында қол жеткізген. Астық терминалының құрылысы 2008-жылы басталады. Терминалдың сыйымдылығы 25-30 мың тоннаны, жылдық өткізгіштік қабілеті - 600-700 мың тоннаны құрайды.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны