10.08.2006, 18:32 3123

Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі мен Ұлыбритания парламенті қауымдар палатасының депутаты өзара ынтымақтастықты дамыту мәселесін талқылады

АСТАНА. 10-тамыз. Kazakhstan Today. Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі уәкілі Болат Байқадамов бүгін Ұлыбритания парламенті қауымдар палатасының депутаты, Ұлыбритания консервативтік партиясының вице-төрағасы, Ұлыбританияның Вестминистр демократиялық қорының басқарушысы Ричард Спринг мырзамен кездесті. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтан хабарлады.

Кездесу барысында Б.Байқадамов Ұлыбритания парламентінің депутатына азаматтар құқығын қорғау саласындағы өзі атқаратын жұмыс бағыттарымен таныстырды. Уәкілдің арыз-шағымдарды қарауға, мемлекет пен қоғам өміріндегі түрлі салаларда адам құқығының сақталуын қадағалауға, ел өңірлерін аралауға, жинақтаған ақпараттардың негізінде адам құқығына қатысты ахуалға талдау мен мониторинг жүргізуге, адамның құқығы мен бостандығына қатысты заңнаманы жетілдіруге қатысты жұмыстары туралы ақпар берілді.

Өз кезегінде Р.Спринг Вестминистр демократиялық қорының іс-қызметінен хабар беріп, екі елдің саяси институттары арасындағы байланыс аясын кеңейту арқылы Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әріптестік байланысты дамытуға мүдделілік танытты.

Б.Байқадамов құқық пен демократия, адам құқығын құрметтеу негізінде мемлекеттік басқарудың мейлінше тиімді принциптері мен тетіктерін ұзақ уақыттан бері мұрагерлікпен қолданып келе жатқан Ұлыбританияның мемлекеттік құрылымдарымен арада байланыс орнатудың маңызына ерекше тоқталды.

Тараптар қарым-қатынасты нығайту мәселелері бойынша пікір алмасып, екі жақты ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік танытты.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны