27.05.2008, 14:17 2562

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ына төрағалық жасауы Батыс пен Шығыс арасындағы ынтымақтастықты нығайтады - ҚР мемлекеттік хатшысы

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ына төрағалық жасауы Батыс пен Шығыс арасындағы ынтымақтастықты нығайтады - ҚР мемлекеттік хатшысы

Астана. 27 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ына төрағалық жасауы Батыс пен Шығыс арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Бүгін өткен "Н. Назарбаевтың Еуразиялық доктринасы: Батыс пен Шығыстың диалогы" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында ҚР мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Еліміздің 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына төрағалық жасауы Батыс пен Шығыс арасындағы диалогты нығайтудағы сирек кездесетін мүмкіндіктердің бірі", - деп мәлімдеді Қ. Саудабаев.

Оның айтуынша, "бұл жағдайда "Шығыс" ұғымына біз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымына мүше болып табылатын Венадан шығысқа қарай жатқан барлық елдерді де, сондай-ақ, шығыстағы мұсылман елдерді де қосамыз". "Осыған байланысты біз ЕҚЫҰ-ның бірлігін сақтай нығайтуға, ұйымды "қырғиқабақ соғыс" аяқталғаннан кейін пайда болған жаңаша жағдайда мейлінше релевантты болғызуға ниеттіміз", - деді ол.

"Біздің ортақ мақсатымыз - ЕҚЫҰ-ын арамызды ажыратын сызықтарды расында да еңсере алатын, барлық қатысушылары арасында жоғары деңгейдегі түсіністік пен сенімділік білдіре алатын ұйымға айналдыру. Сонымен бірге біз осынау беделді евроатлантикалық құрылымның ислам әлемімен ынтымақтастығы аясын кеңейтуге септігімізді тигізетін боламыз", - деді Қ. Саудабаев.

"Біздің еліміз Батыс пен Шығысты жалғастыратын көпір бола алады, ортақ тоқайласу нүктелерін табуға жәрдемдеседі және бір-бірімізді жақсырақ түсінуге септігін тигізе алады", -деді мемлекеттік хатшы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны