29.12.2006, 13:08 2972

Қырғызстанның депутаттық корпусының мәлімдемелері парламенттік дағдарыстан хабар береді, деп пайымдайды үкіметтегілер

БІШКЕК. 29-желтоқсан. Kazakhstan Today. Қырғызстанның депутаттық корпусындағы түрлі топтардың мәлімдемелері парламенттік дағдарыстан және қалыптасқан ахуалдан заңды жолмен шығуға құлықсыздықтан хабар береді. Қырғызстан үкімет басшысының міндетін атқарушы Феликс Куловтың баспасөз хатшысы таратқан хабарламада осылай делінген.

Хабарламада атап көрсетілгеніндей, 27-желтоқсанда "Реформалар үшін!" қозғалысы Жогорку кенештің 25 депутаты қол қойған мәлімдемені таныстырды. "Депутаттардың бұл тобы халыққа арнаған мәлімдемесінде Конституцияның жаңа редакциясында айқындалған өз кемшіліктері мен жаңылыс жасаған есептерін және соған байланысты туындаған проблемаларды үкіметке жауып, бар кінәні үкіметке артуды қалап отыр",- делінген БАҚ-тарға арналған мәлімдемеде.

Құжатта атап көрсетілгеніндей, "бірнеше күн бұрын 55 адамнан құралған депутаттар тобы ел президентіне арнаған жолдауында мүлдем кереғар баға беріп, жаңа конституция проблемаларды ушықтырып жіберді, деген. 55 парламентшінің атынан жолданған хатта: "үкімет мүшелерінің отставкаға кетуге тәуекел етуін лайықты атап өткен жөн",- делінген.

"Депутаттық корпустағы екі топтың осындай екі түрлі мәлімдемесі парламенттік дағдарыстан және биліктің заң шығарушы бұтағының қалыптасқан ахуалдан заңды жолмен шығуға құлықсыздығынан хабар береді",- деп пайымдайды баспасөз хатшысы. "Бір топ депутаттың бұл әрекеттері атқарушы және заң шығарушы биліктердің арасындағы еңсеруге болмайтын қарама-қайшылықтардың туындауына солардың тікелей себепкер болғанын айқын дәлелдейді",- делінген баспасөзге арналған хабарламада.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 19-желтоқсанда Қырғызстан үкіметі толық құрамда отставкаға кету жөнінде өтініш беріп, ел парламентін өз бетімен тарауға шақырған. Парламент үкіметтің бұл үндеуіне құлақ асқан жоқ. Осыдан кейін Қырғызстан парламенті конституцияның президент Құрманбек Бакиевке қараша айындағы толқулар кезінде айрылып қалған өкілеттіліктерін қайтару жөніндегі жаңа редакциясының күшін жойды. Оппозиция заң жобасының авторларына парламентте депутаттардың үштен екі бөлігінің дауысын жинауға мүмкіндік бермеді.

Осыған байланысты "Реформалар үшін!" оппозициялық қозғалысының жетекшілері "Қырғызстан Республикасының барлық облыстары мен аудандарында халықтық конституцияны қорғау бағытында мерзімсіз бұқаралық шараларды өткізу" құқығы бар екенін мәлімдеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны