13.05.2009, 12:32 1961

Корея Республикасы Қазақстан аумағында сымсыз әрі кең жолақты WiBro технологиясын пайдалануды ұсынды

Корея Республикасы Қазақстан аумағында сымсыз әрі кең жолақты WiBro технологиясын пайдалануды ұсынды

Астана. 13 мамыр. "Қазақстан Бүгін" - Корея Республикасы Қазақстан аумағында сымсыз әрі кең жолақты WiBro технологиясын пайдалануды ұсынды. Мұндай ұсынысты бүгін Ақордада Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жүргізген кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында Корея Республикасының президенті Ли Мен Бак жасады, деп хабарлайды "Қазақстан Бүгін" агенттігінің тілшісі.

"Мүмкіндікті пайдалана отырып, біз Қазақстан үкіметіне ақпараттық технологиялар, оның ішінде WiBro атты сымсыз, кең жолақты интернет технологиясы саласында ынтымақтасу жөнінде ұсыныс жасағымыз келеді", деді келіссөздер барысында Ли Мен Бак.

Оның сөзіне қарағанда, бұл технологияны тұңғыш рет оңтүстіккореялық компаниялар әзірлеген. Және ол дүниежүзінде әлемдік стандарт ретінде пайдаланылады.

"Егер сіздер мұндай технологияны аумағы үлкен өздеріңіздің елдеріңізде пайдаланатын болсаңыздар, ол Қазақстандағы ақпараттық технологияны дамыту үшін ең үнемді технология бола алар еді. Сондай-ақ, сіздер бұл технологияны қолданатын болсаңыздар, оны көрші елдеріңізге де тарата аласыздар", деді өз сөзінде Корея президенті.

Оңтүстік Корея Қазақстанның өнеркәсібін әртараптандыру үдерісіне белсенді қатысқысы келеді, деді осы ел президенті.

"Ирине, Корея мен Қазақстан энергетика және минералдық ресурстар саласында ынтымақтастықты дамытуда. Дейтұрғанмен, Оңтүстік Корея Қазақстан өнеркәсібін әртараптандыруға белсене қатысқысы келеді", деді бүгін Ли Мен Бак.

Ол Корея мен Қазақстан мемлекеттерінің басшылары бірнеше мәрте кездескенін, ол кездесулер елдердің бір-бірін жақсы түсінуге мүмкіндік бергенін атап көрсетті. Осы орайда ол бүгінгі келіссөздер екі елдің арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.

"Қазақстан мен Корея арасында қарым-қатынастарды дамыту үшін барлық қажетті жағдай жасалған",- деп мәлімдеді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы шағын құрамдағы келіссөздер барысында Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың әлеуеті зор деген ортақ тоқтамға келгендерін айта келе: "Ол үшін бізде ешқандай кедергі жоқ", деді.

Елбасының айтуынша, Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынастарды дамыту үшін барлық қажетті жағдай жасалған.

"Жоғары деңгейде сенімді диалог жолға қойылды, парламент, үкімет, министрліктер, іскер топтар деңгейінде байланыс орнаған", деді мемлекет басшысы.

Елбасы Қазақстанда тұратын 100 мыңнан астам кәрістер екі елді байланыстыратын көпір екенін атап көрсетті.

WiBro (Wireless Broadband) - кең жолақты сымсыз байланыс.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. «Қазақстан Бүгін» Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны