17.02.2012, 12:54 2879

Лондонның Жоғары соты М.Ибіләзовті 22 айға қамауға алу жөнінде қаулы шығарды

2011 жылдың қараша-желтоқсан айларында Лондон сотында Ибіләзовті сотты құрметтемегені үшін қамауға алу жөнінде БТА банктің талап-арызы тыңдалған болатын. Талап-арыз беруші тарап өздерінің көзқарасын жауапкер өзінің акционерлік активтері туралы сотқа жалған айғақтар берді, өзінде бар жылжымайтын мүлік жөнінде сотты шатастырарлық мәліметтер келтірді, сонымен бірге соттың тыйым салғанына қарамастан әлі күнге дейін өз бақылауындағы активтерді басқаруды одан әрі жалғастырып келеді деген дәйектермен дәлелдеген болатын.

Лондон. 17-ақпан. Kazakhstan Today - Кеше Лондонның Жоғары соты БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Ибіләзовті сотты құрметтемегені үшін қамауға алу туралы қаулы шығарды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

Бұл жөнінде судья Найджел Тиэрдің шешімінде айтылған. Судья Ибіләзов төменде келтірілген айыптаулар бойынша сотты құрметтемегені үшін кінәлі деген шешім шығарды, деп жазады Егемен Қазақстан газеті.

Ибіләзов қаржы активтері мен құнды қағаздар елден шығарылған "Бубрис" компаниясының қожайыны болып табылатынын жасырған. Сол сияқты ол Лондонның Жоғары сотынан Англиядағы жылжымайтын мүліктің қожайыны болып табылатынын да бүгіп қалған Ибіләзов сотқа қатысқан жоқ.

Осындай айыптауларға байланысты сот Ибіләзовті ұстап, 22 ай мерзімге қамауға алу жөнінде шешім шығарды.

БТА банктің бұрынғы басшысы Мұхтар Ибіләзовтің қылмыстық ісіне қатысты мәселе бүгінде көптеген әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарында тұр.

Осы орайда Ибіләзовке қатысты қылмыстық істің 2009 жылдың басында мемлекеттің БТА банктің капиталына енуінен және аталмыш банктің "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының бақылауына өтуінен кейін қозғалғанын еске түсіре кету артық болмас. Қылмыстық іс қозғалған соң Ибіләзовтің елден қашып кеткені белгілі. Сол сияқты оған қарсы Ресейде де қылмыстық іс қозғалып, сырттай қамауға алу шарасы қолданылғанын да назардан тыс қалдырудың еш қисыны жоқ. Ал Қазақстан аса үлкен көлемде алаяқтық жасады және банк қаржыларын жалған компаниялар арқылы ел аумағынан сыртқа шығарды деген айыппен БТА банктің бұрынғы басшысын экстрадициялауды талап етіп отыр.

Бүгінде Ибіләзовтің БТА банктің басшысы болып тұрған кезде заңсыз жымқырған қаржысының жалпы көлемі шамамен 5 миллиард долларды құрайды деп бағалануда.

2011 жылдың қараша-желтоқсан айларында Лондон сотында Ибіләзовті сотты құрметтемегені үшін қамауға алу жөнінде БТА банктің талап-арызы тыңдалған болатын. Талап-арыз беруші тарап өздерінің көзқарасын жауапкер өзінің акционерлік активтері туралы сотқа жалған айғақтар берді, өзінде бар жылжымайтын мүлік жөнінде сотты шатастырарлық мәліметтер келтірді, сонымен бірге соттың тыйым салғанына қарамастан әлі күнге дейін өз бақылауындағы активтерді басқаруды одан әрі жалғастырып келеді деген дәйектермен дәлелдеген болатын.

Жоғарыда өзіміз айтып өткен бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған жәйттерді назарға алар болсақ, аталмыш банк Ибіләзовтің қолына бюджеттің бірнеше миллиондарға кем болып шығуына апарып соқтырған "шебер" айлакерліктің арқасында тиген. Сол кездегі жаңадан құрылған "Астана холдингтің" жас қожайыны 1998 жылы бұрынғы "Казпромстройбанк" пен "Казвнешэкономбанктің" қосылуынан пайда болған "өнімді" сатып алу үшін мемлекеттен жүздеген миллион доллар несие алады. Бұл уақытта бұрынғы кеңестік қаржы мекемелері "Тұран банк" және "Илем банк" деген жаңа атау алып үлгерген болатын. Сөйтіп, өзара қосылған құрылымдар "Банк Тұран Илем" деген атау алады да, мемлекет оны тендерге шығарады. Ибіләзовтің ол уақыттарда ақшаны қолма-қол төлеуге шамасы жете қоймай, займ алуға мәжбүр болады. Түптеп келгенде, Ибіләзов 100 миллиондық осы қаржыдан мемлекетке ішінара ғана қайтарған.

"Нөлдіктердің басында БТА банк қожайыны саяси карьера мен даңққа құмартып, Қазақстанның демократиялық таңдауы деген атауы бар авантюраға бас ұрды" деп жазады Андрей Матвеев өзінің "БТА және "достар мафиясы" деп аталатын мақаласында. Осы мақалада атап көрсетілгендей, жоғарыдағы "бастаманың" соңы Ибіләзов үшін де, өкінішке қарай, салымшылар үшін де сәтті бола қойған жоқ. "2003 жылдың өзінде-ақ ұйпаланған, сонда да болса ырыққа бағынбайтын Мұхтар еркіндік алып, бұдан былай саясатқа араласпау жөнінде ант берді", деп жазады жоғарыда аты аталған автор. Одан әрі мақалада Ержан Тәтішевтің аңда жүрген кезінде аңшы мылтығынан кездейсоқ атылған оқтан ажал құшқаны келтіріледі. "Банкті кері қайтару керек болды, ал Тәтішевтің өлімінен кейін ендігі қалғаны қарапайым ғана іс болып шықты. Ибіләзов марқұмның жесірі мен өзге де туыстарын БТА акцияларын өзіне беруге мәжбүрледі, ал бұрынғы досының қазасы сол күйінде қала берді", деп атап көрсетеді жоғарыда есімі аталған автор. Бұл "Ибіләзов оқиғасының" басында болған, көпшілік қауым үшін онша таныс емес жәйттің бір сыры ғана.

Қалай дегенде де "аңшылықта жүргендегі оқиғаның" 2004 жылдың қысында болғаны, арада 1 ай мерзім өтісімен Ибіләзовтің БТА банкке қайтадан басшылыққа келгені белгілі. "Осылайша, жаңа Қазақстан тарихындағы неғұрлым ірі қылмыскерлердің бірі өзінің жеке басының баюы және түрлі саяси жобаларды қаржыландыру үшін шексіз ресурстарға қол жеткізді". Бұл сөйлем де жоғарыда аталған мақаладан келтіріліп отыр.

Жалпы, БТА банкке қатысты істің тек Қазақстанды ғана емес, сонымен бірге, ТМД-ның өзге де бірқатар елдерін дүрліктіргені, дәлірек айтқанда, әуре-сарсаңға салғаны жұртшылыққа бұрыннан мәлім. Мәселен, Мәскеу қаласының Тверь аудандық соты қазақстандық БТА банктен ірі көлемде қаржы ұрлануына қатысы бар деген айыппен аталмыш банктің бұрынғы басқарма төрағасы Роман Солодченконы қамауға алған болатын. Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті атап көрсеткендей, Солодченко "БТА банк" АҚ-тың бұрынғы төрағасы Мұхтар Ибіләзов жетекшілік жасаған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болып табылады. Сонымен бірге ол Мәскеуде орналасқан "БТА банк" ЖШҰ-ның да төрағасы.

Жоғарыда аталған ресейлік ведомствоның мәліметтеріне қарағанда, 2006-2008 жылдар ішінде "БТА банк" АҚ (Қазақстан Республикасы) пен "БТА банк" ЖШҰ-ның (Мәскеу) бұрынғы басшысы Мұхтар Ибіләзов өзіне бағынышты "Евразия" және "Евразия Логистик" ЖШҰ-лар арқылы өзге компаниялардың "БТА банк" АҚ-тан 776,4 миллионнан астам рубль, 19 миллиондай еуро және 1,4 миллиардтан астам доллар сомасында несие алған және оны кері қайтару ойлары да болмаған.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны