11.01.2010, 13:13 2638

Мемлекеттік хатшы - сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ Атқарушы төрағасы ретінде бірінші шетелдік сапармен Австрия Республикасына барады

Мемлекеттік хатшы - сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ Атқарушы төрағасы ретінде бірінші шетелдік сапармен Австрия Республикасына барады

Астана. 11 қаңтар. Kazakhstan Today - 12 - 15 қантарда мемлекеттік хатшы - сыртқы істер министрі бастаған ресми делегация Австрия Республикасына барып қайтады. Бұл Қанат Саудабаевтың Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Атқарушы төрағасы ретінде бірінші шетелдік сапары болады. Бұл туралы бүгін журналистерге арнап өткізілген қысқаша баспасөз мәслихатында ҚР СІМ-нің ресми өкілі Асқар Ибдірахманов құлағдар етті,- деп хабарлайды Kazakhstan Today.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, сапар шеңберінде Австрияның президенті Хайнц Фишермен және Еуропалық және халықаралық істер жөніндегі министрі Михаэль Шпинделеггермен кездесулер болмақ. Олардың барысында отандық дипломатияның басшысы өзінің әріптестерімен екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты қамтитын сұрақтар және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады. Келіссөздер қорытындысында инвестицияларды қорғау және өзара қолдау туралы үкіметаралық келісімге қол қою жоспарланған.

Астана Венаны өзінің Еуропалық Одақтағы аса маңызды саяси және экономикалық серіктесі ретінде қарастырады, және онымен екіжақты қарым-қатынасты барлық деңгейлерде ілгерілетуге мүдделі.

Қанат Саудабаев сапар барысында Біріккен Ұлттар Ұйымының Венада орналасқан құрылымдарының басшылығымен келіссөздері де жоспарланған. Халықаралық атом энергетикасы ұйымы, Есірткі және қылмысқа қатысты мәселелер басқармасы, Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы Келісім-шарт ұйымы басшыларымен болатын кездесулер барысында Қазақстанның аталмыш мекемелермен ықпалдастығы талқыланбақ.

Австрияға сапардың басты шарасы - мемлекеттік хатшы - сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының Тұрақты кеңесінің жаңа жылдағы алғашқы отырысына қатысып, сөз сөйлеуі. Аталмыш жиналыс ұйымның қазақстандық төрағалығы шеңберіндегі алғашқы ресми шарасы болып табылады. Өзінің сөйлер сөзінде ұйымның жаңа жетекшісі Қазақстанның төрағалық кезіндегі басымдықтарын жариялайды деп күтілуде.

Тұрақты кеңес отырысынан басқа Қанат Саудабаев сондай-ақ ұйымның құрамындағы ресми институттар мен аймақтық миссиялардың басшыларымен, және ұйым қызметінің түрлі салаларындағы атқарушы төрағаның жеке өкілдерімен кездесулер өткізеді.

Төрағалығымыздың ресми ашылуының қарсаңында, нақтырақ айтқанда, 13 қаңтар күні кешке Венада бірнеше маңызды мәдени шаралар өткізілмек. Хофбург сарайындағы казақстандық кешті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстан жолы" кітабінің австриялық нұсқасының тұсаукесері ашады. Рәсімнің ашылуында мемлекеттік хатшы - сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сөз сөйлейді деп күтілуде. Салтанатты бағдарламаны қазақстандық өнер шеберлерінің гала-концерті жалғастырмақ. Кеш бағдарламасы төрағалық атынан өткізілетін ресми қабылдаумен тәмамдалады.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны