23.04.2010, 09:52 1742

Оңтүстік Кореяның Қазақстан экономикасына салған тіке инвестицияның жалпы көлемі 3,4 миллиард долларды құрайды

Қазақстан мен Корея мемлекет басшыларының қатысуымен бірқатар екі жақты құжаттарға қол қойылды. Нұрсұлтан Назарбаев корейлік әріптестерді Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы жоспарын іске асыруда ынтымақтастыққа шақырды. Сондай-ақ Қазақстан президенті жоғары технология саласындағы Қазақстан мен Корея ынтымақтастығының кеңейгенін атап өтіп, ғарыш, көлік және телекоммуникация, денсаулық сақтау салаларындағы бірлескен жобалардың табысты жүзеге асырылатынына сенімін білдірді.

Астана. 23 сәуір. Kazakhstan Today - Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Республикасының президенті Ли Мен Бактың кездесуінің ресми рәсімі өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Сеулдегі "Чонгвадэ" президенттік сарайда Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Республикасының президенті Ли Мен Бактың кездесуінің ресми рәсімі өтті. Кездесудің ресми рәсімінен кейін екі елдің мемлекет басшыларының келіссөздері жүргізілді.

Келіссөздер барысында екі жақты ынтымақтастық мәселелерінің кең көлемдегі түрі талқыланып, екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті бекіте түсуге бағытталған шаралар анықталды.

Қазақстан мен Оңтүстік Кореяны ертеден келе жатқан достық, әріптестік қатынастар байланыстырады. Жоғары деңгейдегі қарқынды диалог жалғасын табуда. Парламент және үкімет, министрліктер мен ведомстволар, іскерлік топтар деңгейіндегі келісімдер белсенді дамуда.

Екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының дамуы жедел қарқын алуда. Қазіргі кезде Қазақстанда корейлік капиталдың қатысуымен 300 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Оңтүстік Кореяның Қазақстан экономикасына салған тіке инвестицияның жалпы көлемі 3,4 миллиард долларды құрайды.

Ынтымақтастықты одан әрі дамытуда қазақстан-корея ынтымақтастығын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын тиімді жүзеге асыру үлкен мәнге ие.

Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының халықаралық аренадағы өзара іс-қимылын талқылау екі ел басшылары жүргізген келіссөздің маңызды бөлігіне айналды.

Тараптар өңірлік саясаттағы негізгі мәселені - Орталық Азиядағы және Корея аралындағы жағдайды, ядролық қарусыздану мен оны таратпау проблемасын, Ауғанстандағы істің жай-күйін талқылады. Қазақстан және Корея президенттері сондай-ақ әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыстың салдарларын еңсеру және дағдарыстан кейінгі дамудың негізін қалыптастыру тақырыбын қозғады. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Қазақстан мен Кореяның осы тақырыптағы көзқарастары ұқсас. Қазақстан Оңтүстік Кореяның "Үлкен жиырмалық" аясындағы қызметін қолдайды.

Қазақстан мен Корея мемлекет басшыларының қатысуымен бірқатар екі жақты құжаттарға, атап айтқанда, Астана қаласында Корея Республикасының дипломатиялық өкілдігі ғимаратының құрылысы үшін жер телімін беру туралы келісімге, Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Корея Республикасы Экономика білімі министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы, "Қазатомөнеркәсіп" АҚ мен "КЕПКО" Корея электроэнергетикалық компаниясы, "КОРЕС" Корея ресурстар корпорациясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша екі елдің президенттері бірлескен баспасөз конференциясын өткізді. Қазақстан президенті Корея Президенті Ли Мен Бакпен жүргізген келіссөздер қорытындысын жоғары бағалады.

Қазақстан-оңтүстіккореялық қарым-қатынастарының дамуында сапалы серпін жасалғаны атап өтілді. Мысалы, жиырмаға жуық іскерлік келісімге қол қойылды. Олардың арасында мұнайгаз және мұнайхимия өнеркәсібі, машина жасау, атом энергетикасы мен уран өндіру салаларындағы өзара іс-қимыл туралы келісімдердің маңызы ерекше. Корея Республикасының компаниялары Каспий маңындағы инфрақұрылымдардың құрылысына қатысатын болады. Ал Корея Республикасына 2 миллион тонна қазақстандық астық экспортталатын болады, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық кеңейе түседі.

Нұрсұлтан Назарбаев корейлік әріптестерді Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы жоспарын іске асыруда ынтымақтастыққа шақырды.

Сондай-ақ Қазақстан президенті жоғары технология саласындағы Қазақстан мен Корея ынтымақтастығының кеңейгенін атап өтіп, ғарыш, көлік және телекоммуникация, денсаулық сақтау салаларындағы бірлескен жобалардың табысты жүзеге асырылатынына сенімін білдірді.

Корея Республикасында Қазақстан Жылының ашылуы Қазақстан Республикасы президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары барысындағы маңызы зор оқиға болды.

Осы ауқымды акция аясында Оңтүстік Кореяның ірі қалаларында 30-дан астам іс-шара өтетін болады. Бұл шаралардың біздің елдеріміздің арасындағы іскерлік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуы үшін маңызы өте орасан.

Мемлекет басшысы Қазақстанда өмір сүріп келе жатқан 100 мыңға жуық корей диаспорасының қазақстан-корей достығын нығайтуға үлкен үлес қосып отырғанын атап өтті.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны