21.09.2007, 14:25 1332

Өзбекстанда 2007 жылдың 23 желтоқсанында президент сайлауы өтеді

Өзбекстанда 2007 жылдың 23 желтоқсанында президент сайлауы өтеді.

Алматы. 21 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Өзбекстанда 2007 жылдың 23 желтоқсанында президент сайлауы өтеді. Республика Конституциясына сәйкес, осы мерзімде елдің қазіргі президенті Ислам Кәрімовтың өкілеттілігі аяқталады. Орталық сайлау комиссиясының өкілдері Ташкентте өткен баспасөз мәслихатында осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды агенттік "Хабар" телеарнасына сілтеме жасап.

"Өзбекстан азаматтары үшін ел президентін сайлау - аса маңызды саяси оқиға. Сол себепті мен халық жаппай сайлауға белсене атсалысады деп сенемін. Бұған қоса бұл еліміздің болашағын айқындайтын үлкен сынақ болмақ",- деді Өзбекстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мирзо-Улугбек Абдусаламов.

Ресми мәліметке сәйкес, Өзбекстандағы сайлаушылар саны 16 млн адамнан асады. Мемлекет басшысы болудан үміткер тіркелу үшін сайлаушылардың кем дегенде 5 процентінің, басқаша айтқанда, 800 мың адамның дауысын жинауға тиіс. Үміткерлер сайлауға дейін 65 күн қалғанда тіркеледі. Сол себепті президенттіктен үміткерлердің аты-жөні әзірге белгісіз.

Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына сәйкес, елдегі округтік сайлау комиссиялары 14 қазанға дейін, ал учаскелік сайлау комиссиялары - 13 қарашаға дейін құрылуға тиіс. Барлық саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстар президенттікке өз үміткерлерін ұсына алады.

М. Абдусаламовтың айтуынша, "сайлаудың адал әрі әділ өтуіне қажетті барлық жағдайлар жасалған". "Біз сайлауды өркениетті елдерге тән талаптар аясында өткізу үшін алыс және жақын шетелдерден жүздеген байқаушыларды шақыруды жоспарлап отырмыз", - деді ол. "Сайлау науқанын өткізу үшін барлық үміткерлерге бірдей жағдай жасалады",- деді комиссия төрағасы.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны