11.08.2006, 17:31 3056

Украинадағы Қазақстан елшісінің Қырымға жұмыс сапары барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселесі талқыланды

АСТАНА. 11-тамыз. Kazakhstan Today. Аймақтармен өзара ынтымақтастықтың келешегін зерттеу мақсатымен Украинадағы Қазақстан елшісі Амангелді Жұмабаев Қырым Автономиялық Республикасына жұмыс сапарымен барып, оның барысында республиканың жаңа басшылығы - Жоғары Раданың төрағасы Анатолий Гриценкомен және министрлер кеңесінің төрағасы Виктор Плакидамен кездесті. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен хабарлады.

Кездесулердің барысында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа қатысты кең көлемді мәселелер топтамасы, соның ішінде Қырым экономикасына Қазақстан инвестициясын тарту, Қазақстанда флотты дамыту мен теңізшілерді дайындау, Қазақстан жылын өткізу, тәжірибе алмасу, сондай-ақ, осындағы қазақ диаспорасына қолдау көрсетудің жай-жапсары сараланды.

Қазақстан елшісі Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымының тұрақты өсіп келе жатқанын, алғашқы жарты жылдықта бұл көрсеткіштің 700 млн. долларды құрағанын атап өтті. Дегенмен , оның айтуынша, Қазақстан мен Қырым арасындағы сауда-саттық өткен жылдың қорытындысы бойынша небәрі 5,9 млн. долларды құраған. Бұл - өте мардымсыз, деді елші.

А.Гриценконың айтуынша, Қазақстан мен Украина Азия мен Еуропа арасын жалғастыратын маңызды көпір іспетті, сол себепті Еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылық пен интегарциялық процестер осы екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа көп жағдайда тәуелді. Оның пікірінше, Қазақстан капиталының энергетикалық жобалар мен аймақтағы курорттық - туристік нысандарды дамытуға атсалысуының маңызы арта түсуде. Инвестиция салуда басымдық берілген бағыттарға отын-энергетика кешені, ауылшаруашылығы мен дауажай саласы жатады.

Қырым үкімет басшысы В.Плакиданың пікірінше, қазақстандық компаниялар инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған жобаларда халықаралық инвестор міндетін атқара алады. "Қазақстан экономикалық өсімнің бірегей қарқынын көрсетіп отыр", деп атап өткен ол осыған байланысты Қазақстан инвестициясын өңірді дамытуға тартудың ұзақ мерзімді бағдарламасын қабылдау мүмкіндігін талқылауды ұсынды.

Қырымның халықаралық сауда жолдарының түйіліскен тұсында орналасқанын атап өткен В.Плакида Керчь паром өткелегін салу жобасы туралы хабардар етіп, туризмді дамыту мақсатында Қырым мен Қазақстан арасындағы чартерлік рейстердің санын арттыру қажеттігін айтты.

Қазақстан елшісі сұхбаттасына Қазақстан Республикасында ұлттық теңіз және сауда флотын құрып дамыту жөніндегі 2004-2006-жылдарға арналған бағдарламаның жүзеге асыруы туралы хабар беріп, Украинамен арада тығыз ынтымақтастық орнату арқылы танкерлік, құрғақ жүк тасымалдайтын және қосалқы флотты дамытуға мүдделілік танытты.

Қазақ диаспорасына қатысты мәселені талқылаған А.Жұмабаев Дүниежүзі қазақтарының ІІІ құрылтайының шешімдерін жүзеге асыру және Қазақстандағы этностардың тарихи отандарымен арадағы байланысты дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін Украинадағы Қазақстан жылы аясында осы ел аймақтарында да, соның ішінде Қырымда да шаралар ұйымдастырудың маңызына ерекше тоқталды.

Спикер А.Гриценконың айтуынша, мыңдаған этникалық қазақтарды біріктірген "Бірлік" қоғамының іс-қызметі парламенттің назар төрінде. Өйткені, Украина мемлекетінің ажырамас бір бөлігі болып табылатын Қырым мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты дамытуға түрткі болу мен екі ел халықтарының тарихи байланыстарын зерттеу - Қырым депутаттары толық қолдайтын мақсаттар. Осыған байланысты А.Гриценко Қазақстандағы заң шығару тәжірибесі мен ұлтаралық келісім тәжірибесін зерттеуге қолдау көрсетуді сұрады.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны