Қазақстан мен Таиланд саяси диалог және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Таиланд Сыртқы істер министрлігінің Тұрақты хатшысы Эксири Пинтаручимен кездесу өткізді. Тараптар екіжақты қатынастардың өзекті ахуалын талқылап, өзара сенімге негізделген ынтымақтастықтың тұрақты позитивті динамикасын атап өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Елші Қазақстан мен Таиланд арасындағы жоғары деңгейдегі сапарлар мен келісімдік-құқықтық базаның кеңеюі арқылы қолдау тапқан берік саяси диалог қалыптасқанын атап өтті. Соңғы екі жыл ішінде визасыз режим, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі келісімдер, сондай-ақ цифрландыру, туризм, ауыл шаруашылығы және халықаралық даму салаларындағы меморандумдар қабылданды.
Тараптар 2026 жылы саяси байланыстарды одан әрі нығайтуға және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жандандыруға өзара қызығушылық білдірді.
Кездесудің негізгі бөлігі экономикалық ынтымақтастыққа арналды. Қазақстан Орталық Азиядағы Таиландтың ең ірі сауда серіктесі болып табылады, бұл елдің аймақпен саудасының шамамен 70%-ын қамтамасыз етеді. Тараптар ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика және туризм салаларында тауар айналымын арттыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Таиландтың өңірлік азық-түлік хабын құру жөніндегі бастамасы аясында Қазақстанның астық пен ет өнімдерін экспорттаудағы әлеуеті ерекше атап өтілді. Сондай-ақ инвестицияларды қорғау, қосарланған салық салуды болдырмау және ветеринарлық бақылау мен өсімдік карантині жөніндегі құжаттарды аяқтау қажеттігі айтылды.
Жер қойнауын пайдалану және сирек металдар саласындағы ынтымақтастық та күн тәртібінде болды. Стратегиялық шикізат қоры мол Қазақстан Таиландтың жоғары технологиялық өндірісінің өсіп келе жатқан қажеттіліктерін ескере отырып, бірлескен жобаларды қарастыруды ұсынды.
Цифрлық саладағы серіктестік те маңызды бағыт ретінде аталды: цифрлық сауда, финтех, бұлттық технологиялар, киберқауіпсіздік және смарт-логистика. Қазақстан тарапынан БҰҰ АТМЭӘК құрылымында Алматыда Цифрлық шешімдер орталығын құру бастамасы таныстырылды.
Көлік байланыстығын дамыту мәселесі де талқыланды. Қазіргі уақытта Қазақстан мен Таиланд арасында Air Astana, SCAT Airlines және Thai AirAsia X әуекомпаниялар аптасына 23 тікелей рейс орындайды. Желтоқсанда ашылған Шымкент - Бангкок бағыты логистикалық және туристік өзара іс-қимылды күшейтті. Сонымен қатар тараптар Орта дәліздің және Қытай - Лаос - Таиланд теміржол жобасына негізделген мультимодальды бағыттардың мүмкіндіктерін атап өтті.
Елші Таиландқа келетін қазақстандық туристер санының артуын атап өтіп, Пхукет қаласында Қазақстан Консулдығын ашуға көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді. Оның ресми ашылуы 2026 жылғы қаңтарда өткізу жоспарлануда.
Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша көзқарастарының сәйкестігін растай отырып, көпжақты алаңдарда өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін білдірді.
Кездесу қорытындысында Елші М.Баймұхан Қазақстанның Таиланды Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктесі ретінде қарастыратынын және саяси диалогты, экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға ниетті екенін атап өтті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

