26.12.2025, 17:50 3556

Мадейра Қазақстанмен басым салаларда ынтымақтастыққа ашық

Мадейра Қазақстанмен басым салаларда ынтымақтастыққа ашық
Сурет: gov.kz
Португалияның қарқынды дамып келе жатқан туристік бағыттарының бірі Мадейра автономиялық өңірі аймақтық даму, тұрақты туризм және аумақтарды халықаралық деңгейде ілгерілету мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасу алаңына айналды. Осы және басқа да тақырыптарды өңірлік билік органдары мен даму институттарының өкілдерімен талқылау Қазақстан Республикасының Португалиядағы Елшісі Жан Ғалиевтің Мадейраға сапары аясында өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Автономиялық өңірдегі Республика өкілі - сот төрешісі Ренеу Барретумен өткен кездесуде институционалдық даму, өңірлердің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз етудегі құқықтық тетіктер мен тұрақты институттардың рөлі, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі жөнінде пікір алмасты.

Сапар барысында саяси және парламенттік диалогты дамытуға ерекше назар аударылды. Мадейра Өңірлік Парламентінің Төрайымы Рубина Лилмен кездесуде тараптар өңірлік басқару саласындағы тәжірибе алмасу мен парламентаралық байланыстарды кеңейтудің маңызын атап өтті.

Өңірлік деңгей тұрақты даму үлгілерін қалыптастыруда және халықаралық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаруда", - деп атап өтті Ж. Ғалиев.


Кездесулердің басты тақырыбы туризм және мәдени алмасу салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту болды. Атап айтқанда, Мадейраның туризм жөніндегі өңірлік хатшысы Эдуарду Жезушпен жүргізілген келіссөздер барысында автономды өңірдің тұрақты туристік модель қалыптастыру, туристік өнімдерді әртараптандыру, өңірді халықаралық нарықтарда ілгерілету және туристік инфрақұрылымның сапасын арттыру жөніндегі тәжірибесі таныстырылды. 2024 жылы туристік кластердің арал экономикасына шамамен 1 млрд еуро табыс әкелгені атап өтілді. Алдағы жылы Фуншал қаласында туризм саласындағы қазақстандық бизнес өкілдерінің, сондай-ақ "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясының қатысуымен практикалық конференция өткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Конференция аясында Қазақстан өңірлері мен Мадейраның туристік әлеуетін таныстыру, дөңгелек үстел және туроператорлардың В2В форматындағы жеке кездесулері жоспарлануда.

Мадейраның тұрақты туризмді және сапалы туристік инфрақұрылымды дамытудағы, сондай-ақ өңірді халықаралық деңгейде тиімді ілгерілетудегі тәжірибесі Қазақстан үшін практикалық қызығушылық тудырады", - деп мәлімдеді Елші.

Э.Жезуш Қазақстан Елшілігіне екі елдің халықтарын жақындастыру мақсатында Фуншал қаласында жоспарланып отырған мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге жан-жақты қолдау көрсетілетініне сендірді.

Фуншал қаласы әкімінің орынбасары Карлуш Родригешпен өткен кездесуде кешенді қалалық даму, қолайлы қалалық орта қалыптастыру және жергілікті тұрғындардың мүдделері мен қаланың туристік тартымдылығы арасындағы тепе-теңдікті сақтау мәселелері талқыланды. Вице-мэр Қазақстанның даму қарқынына, сондай-ақ еліміздің сенімді серіктес әрі араағайын ретіндегі халықаралық мойындалуына жоғары баға берді.

Сапардың қорытынды кезеңі автономды өңірді халықаралық нарықтарда ілгерілетуге жауапты Madeira Development Society (MDS) өкілдерімен кездесу болды. Мадейра халықаралық қаржы жүйесінде өзін Еуропалық Одақтың ірі және бәсекеге қабілетті іскерлік орталықтарының бірі ретінде танытты, ол корпоративтік табыс салығы, дивидендтер, капитал өсіміне салынатын салықтар бойынша төмен мөлшерлемелер мен халықаралық инвестицияларды тартуға арналған өзге де жеңілдіктер ұсынады.

Тараптар аумақтық брендингтің заманауи құралдары, инвестициялар тарту және орнықты халықаралық әріптестіктер құру мәселелері бойынша пікір алмасты.

Кездесуге қатысушылар бірлескен күш-жігер арқылы екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуетін іске асыруға сенім білдірді. Қазақстан мен Португалия арасында тікелей әуе қатынасының болмауы іскерлік байланыстар мен туристік ағындардың өсуін айтарлықтай тежейтіні аталып өтті. Осыған байланысты Елші аталған мәселені шешу үшін қазақстандық тараптың келіссөздер процесін бастағанын хабарлап, Португалияның, соның ішінде Мадейраның бизнес қауымдастығы бұл маңызды жобаны ілгерілетуге ықпал етеді деген үмітін білдірді.

MDS атқарушы директоры Марина Пимента және оның әріптестері жақын арада "Еуропа мен Азия нарықтарына кіретін қақпа" саналатын екі институт арасында әріптестік орнату мақсатында Астана халықаралық қаржы орталығына баруға дайын екенін мәлімдеді.

Қазақстанның озық цифрлық технологияларды дамыту және жасанды интеллект құралдарын енгізу жөніндегі күш-жігері тұрғысынан Мадейра аралының технологиялық хаб әрі цифрлық көшпенділер орталығы ретінде қалыптасқанын атап өткен жөн. Мұнда IT-мамандарды төмен салықтар, жоғары дамыған инфрақұрылым және Digital Nomad арнайы визалары арқылы тарту жүзеге асырылуда. Бұл бағытта да ықтимал ынтымақтастықтың негіздері айқындалды.

Мадейрада Қазақстанның Құрметті консулы Жуау Бонал Силваның белсенді қолдауымен өткен кездесулер Қазақстан мен Португалияның автономиялық аймағы арасындағы диалогты тереңдетуге және практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілікті растады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны