Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ пен Болгария елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады
Сурет: Akorda
Ақорда резиденциясында АҚШ елшісі Джули Стаффт пен Болгария елшісі Георги Воденскидің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысы Болгария елшісі арқылы Президент Румен Радевке сәлемін жолдап, оның былтыр елімізге жасаған ресми сапары екіжақты қарым-қатынасқа айтарлықтай тың серпін бергенін айтты.
- Сіздің еліңізбен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Саяси, сондай-ақ экономикалық бағыттағы ықпалдастық аясын кеңейту үшін қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасаймыз, - деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Джули Стаффтпен әңгімелесу барысында АҚШ-қа жасаған сапары табысты өткенін ықыласпен еске алды.
- Президент Дональд Трамп мырзамен достық рәуіште мазмұнды әңгіме өрбітіп, келіссөздер жүргіздік. Таяуда біз телефон арқылы емен-жарқын сөйлесіп, екіжақты ынтымақтастығымызға қатысты көптеген мәселені талқыладық. Мені жыл соңында Құрама Штаттарда өтетін G20 саммитіне қатысуға шақырғаны үшін алғыс айтамын. Біз көптеген саладағы стратегиялық серіктестігімізді дамытып, нығайтуға күш саламыз, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев елшілерді дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, олардың мемлекеттері басшыларына ізгі тілегін жолдады.
Джули Стаффт - Америка Құрама Штаттарының Қазақстан Республикасындағы Елшісі
1975 жылғы 18 қыркүйекте АҚШ-тың Огайо штатында дүниеге келген. Case Western Reserve университетін және Дьюк университетін тәмамдаған. Экологиялық менеджмент саласы бойынша магистр дәрежесіне ие.
Еңбек жолын 1999 жылы АҚШ Мемлекеттік департаментінде тағылымдамадан өтуші ретінде бастаған. 2002-2006 жылдары АҚШ-тың Польша мен Эфиопиядағы елшіліктерінде саяси және консулдық бөлімдердің қызметкері ретінде жұмыс істеді. 2006-2008 жылдары АҚШ Мемлекеттік департаментінің Атқарушы хатшылығы мен Консулдық істер бюросында қызметші болған.
2009-2012 жылдары АҚШ-тың Ресейдегі Елшілігінің виза бөлімінің басшысы қызметін атқарған. 2012-2014 жылдары АҚШ-тың Джибутидегі елшісінің орынбасары, ал 2015-2018 жылдары АҚШ-тың Молдовадағы елшісінің орынбасары болған.
2018-2020 жылдары АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде директор, аға директор, ал 2020-2021 жылдары АҚШ Мемлекеттік департаментінің Консулдық істер бюросында атқарушы директор лауазымдарын атқарған.
2021-2025 жылдары - АҚШ Мемлекеттік департаментінің Консулдық істер бюросында Мемлекеттік хатшы көмекшісінің орынбасары, Мемлекеттік хатшы көмекшісінің бірінші орынбасары.
АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2025 жылы АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде атқарушы хатшы қызметін атқарған.
Румын, орыс, поляк, француз және жапон тілдерін меңгерген.
Георги Петров Воденски - Болгария Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі
1975 жылғы 11 мамырда Болгарияның София қаласында дүниеге келген. Софиядағы Әулие Климент Охридский атындағы университетті тәмамдаған. Түркология бакалавры және саясаттану магистрі дәрежесіне ие.
Еңбек жолын 2003 жылы Болгария Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қатынастар департаментінде қызметкер ретінде бастаған. 2005-2012 жылдары Эдирне қаласындағы (Түркия) Болгарияның Бас консулдығында үшінші хатшы, вице-консул қызметтерін атқарған.
2012-2018 жылдары Болгарияның Грузиядағы Елшілігінде саяси және мәдени мәселелер жөніндегі екінші хатшы, консулдық қызметінің басшысы болған.
Болгарияның Қазақстандағы Елшісі болып тағайындалғанға дейін 2018-2023 жылдары Болгария СІМ Консулдық қатынастар департаментінің директоры лауазымын атқарған.
Ағылшын, түрік, румын және орыс тілдерін меңгерген.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

