Шаңхайда Қазақстан саясатының басымдықтары және студенттік қауымдастықтың рөлі талқыланды
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Шаңхай қаласындағы Бас консулы Нұрлан Аққошқаров ҚР Бас консулдығының консулдық округіне кіретін білім беру мекемелерінде оқып жатқан қазақстандық студенттермен кездесу өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында Бас консул студенттерді Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарымен, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан қазіргі әлеуметтік-экономикалық реформалармен, сондай-ақ қазіргі кезеңдегі қазақ-қытай екіжақты ынтымақтастығының басымдықтарымен таныстырды.
Шетелде жүрген ҚР азаматтарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, консулдық есепке тұру, көші-қон заңнамасын сақтау, сондай-ақ Қытай Халық Республикасында шетелдік студенттердің болу ережелерін орындау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу аясында қазақстандық студенттік қауымдастық үшін өзекті саналатын мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті. Атап айтқанда, оқу және тұрмыс жағдайлары, мәдени-гуманитарлық және қоғамдық бастамаларға қатысу, сондай-ақ Бас консулдықпен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктері талқыланды.
Сонымен қатар Шаңхайдағы қазақстандық студенттік қауымдастықтың ұйымдастырушылық дамуына қатысты мәселелер, оның ішінде Шаңхайдағы Қазақстандық студенттер қауымдастығының (KSAS) басқарушы органдарын қалыптастыру тәртібі қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша KSAS Президенті болып Дария Машынбай сайланды. Осы орайда, студенттік қауымдастықтың қазақстандық студенттердің қызметін үйлестірудегі, Бас консулдықпен өзара байланысты жолға қоюдағы, сондай-ақ мәдени, білім беру және қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырудағы рөлі атап өтілді.
Н. Аққошқаров сапалы білім алудың маңыздылығын, қабылдаушы елдің заңнамасын қатаң сақтаудың қажеттілігін атап өтіп, қытай тілін меңгерген және ҚХР-да білім алу тәжірибесі бар мамандардың жоғары сұранысқа ие екенін ерекше атап өтті. Сонымен бірге, кездесуде Бас консул жас азаматтардың Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан елдегі өзгерістерді тұрақты түрде қадағалап отыру маңыздылығына назар аударды.
Мемлекет басшысының жастар саясатына ерекше көңіл бөлетінін және Қытайды терең білетінін атап өте отырып, сапалы кадрлардың кәсіби тұрғыда кең мүмкіндіктерге ие екенін, соның ішінде мемлекеттік қызмет жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуда үлкен әлеует бар екенін жеткізді. Осы тұрғыда қатысушылардың назарын 2026 жылғы 5 қаңтарда "Turkistan" газетінде жарияланған "Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты" атауымен жарық көрген ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың ауқымды сұхбатына аударды.
Кездесуді қорытындылай келе Бас консул студенттерді белсенді азаматтық ұстаным танытуға, қазақстандық студенттік қауымдастық ішіндегі өзара байланысты нығайтуға және шетелде Қазақстан Республикасының оң имиджін қалыптастыруға шақырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

