29.04.2026, 22:59 561
Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың аясында: Қазақстан жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі халықаралық күш-жігердің назарында
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) штаб-пəтерінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қатысушы мемлекеттердің Шолу конференциясы аясында Қазақстан Республикасының делегациясы халықаралық таратпау режимі жəне ядролық қарусыздануды нығайту бойынша белсенді жұмысын жалғастырды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Қазақстан Ядролық қарудан бос аймақтар жөніндегі коалицияның төрағасы ретінде Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шарты (Семей шарты) шеңберінде қазақстандық делегацияның басшысы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Латын Америкасы мен Кариб бассейніндегі ядролық қаруға тыйым салу агенттігінің (OPANAL) Бас хатшысы Хуан Карлос Охедамен консультациялар өткізді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар 2024 жылғы желтоқсанда қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандумды одан əрі нығайту үшін нақты шаралар мен қадамдарды келісті.
Шолу конференциясы аясында Қазақстан БҰҰ-ның Қарусыздану мəселелері жөніндегі басқармасы (UNODA), БҰҰ Қарусыздану мəселелерін зерттеу институты (UNIDIR) жəне Nuclear Threat Initiative (NTI) үкіметтік емес зерттеу орталығы серіктестігімен ядролық қарудан бос аймақтарды нығайту жəне Семей шартының 20 жылдығына арналған арнайы іс-шара ұйымдастырды. Іс-шараны аша отырып, Е.Ашықбаев ядролық қарудан бос аймақтардың қарусыздану жəне жаһандық таратпау режимін тұрақтандыратын маңызды элементтердің бірі ретіндегі рөлін атап өтті.
Пікірталасқа Орталық Азия елдерінің өкілдері, сондай-ақ ядролық қаруға ие мемлекеттердің делегация басшылары мен шолу конференциясына қатысушы сарапшылар белсенді қатысты. Талқылау барысында қатысушылар Семей шартына қатысты теріс кепілдіктер хаттамасын ратификациялауды аяқтау жəне басқа да ядролық қарудан бос аймақтардың хаттамаларын ратификациялау қажеттігін, сонымен қатар əлемнің басқа өңірлерінде жаңа аймақтарды құру қажеттігін ерекше атап өтті.
Қазақстан делегациясының басшысы АҚШ, Қытай жəне Германия делегация басшыларымен нақты келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында тараптар халықаралық қауіпсіздік күн тəртібінің өзекті мəселелері бойынша пікір алмасып, Қазақстанның шолу конференциясының Екінші бас комитетінде төрағалық етуі шеңберіндегі ұстанымдарын талқылады. Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың ядролық державалар арасындағы диалогты қайта бастау туралы бастамасын іске асыру арқылы ядролық қауіпті азайтуға нақты əрі шынайы үлес қосуға дайын екенін қайтадан растады.
ЯҚТШ Шолу конференциясы 2026 жылғы 22 мамырға дейін жалғасады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
29.04.2026, 21:01 66
Қазақстанның СІМ басшысы Литва Елшісін қабылдады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Литва Республикасының Астанадағы Елшісі Эгидиюс Навикасты қабылдады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында тараптар екіжақты және халықаралық алаңдардағы Қазақстан мен Литва ынтымақтастығының жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ көлік және логистика салаларындағы іс-қимылды жандандыру мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Министр Е. Көшербаев Литваның еліміз үшін Балтық өңіріндегі маңызды серіктесі екенін атап өтіп, Вильнюспен өзара тиімді және сындарлы ынтымақтастықтың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
Елші Э. Навикас оның миссиясына көрсетіліп жатқан қолдау үшін ризашылығын жеткізіп, екі ел арасындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға дайындығын мәлімдеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар саяси диалогты одан әрі тереңдетуге, практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және түрлі деңгейлерде тұрақты байланыстарды жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.04.2026, 20:05 151
Астанада Корея Республикасымен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Әсет Исеналидің Қазақстанда кәсіп етіп жатқан корей компанияларының өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесуге KIA, KT&G, Hyundai Engineering және Open Healthcare компанияларының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Өнеркәсіп, энергетика, автокөлік өнеркәсібі, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да салалардағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан Елшісі еліміздің инвестициялық ахуалын одан әрі жақсартуға мүдделі екенін атап өтіп, Қазақстанда бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасатынын жеткізді.
Компания өкілдері қазақстандық нарықта өз кәсіптерін арттыруға және қазақстандық ұйымдармен әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы өзара тиімді әрі жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайындық білдірілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.04.2026, 19:57 311
Қазақстан мен Қытай инвестициялық және қаржылық ынтымақтастықты нығайтуда
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның Шаңхай қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен "Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Шаңхай қор биржасы-мен бірлесіп "AIFC Connect: Shanghai 2026" іскерлік іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шараның негізгі мақсаты Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық және қаржылық ынтымақтастықты нығайту, қытайлық инвесторлармен тікелей байланыстарды дамыту және АХҚО инфрақұрылымы арқылы жобаларды ілгерілету болды.
Қазақстанның Шаңхайдағы Бас консулы Нурлан Аққошкаров қазақ-қытай қатынастарының стратегиялық сипатын атап өтіп, инвестициялық өзара іс-қимылды тереңдету, капитал нарықтарын ықпалдастыру және екіжақты іскерлік байланыстарды кеңейту басымдықтарына тоқталды. Қазіргі таңда екі ел арасындағы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларына жетіп, тұрақты өсім бар екенін көрсетіп отыр.
Іс-шара аясында АХҚО, Жасыл қаржы орталығы және бизнес өкілдері, соның ішінде KAZ Minerals, Solidcore Eurasia және ITS CSD жобаларын таныстырды. Қатысушыларға инвестициялық бағыттардың кең ауқымы ұсынылды - тау-кен металлургиясы, инфрақұрылымдық жобалар, цифрлық шешімдер және "жасыл" қаржыландыру құралдары.
Капитал нарықтарын ықпалдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Талқылауға Самрук-Казына АҚ, China International Capital Corporation, Freedom Broker және Jiaxin International Resources Investment Ltd өкілдері қатысты.
Форум аясында АХҚО Жасыл қаржы орталығы мен International Green Economy Association арасында экологиялық бастамаларды дамытуға бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ AIFC Insights талдау орталығы Орталық Азия мен Кавказ елдерінің капитал нарықтарына шолу ұсынып, Қазақстан аймақтағы ең ірі қаржы нарығы мәртебесін сақтап отырғанын, облигациялар нарығының көлемі шамамен 81 млрд АҚШ долларын құрайтынын атап өтті.
Маңызды нәтижелердің бірі ретінде Astana International Exchange биржасында юаньмен номинацияланған облигацияларды (панда-бондтарды) орналастыру мүмкіндіктерін кеңейту жарияланды. 2026 жылғы сәуірде AIX Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш рет Самрук-Казына АҚ-ның 3 млрд юань көлеміндегі панда-бондтарын орналастырды. Бұл қытай капиталын тартудың қосымша арнасын қалыптастырады.
Жаһандық декарбонизация үрдісіне жауап ретінде халықаралық құралдармен, соның ішінде I-REC сертификаттары мен көміртек кредиттерімен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін AIFC Carbon Platform аймақтық көміртек платформасы таныстырылды.
Сондай-ақ әуе кемелерін лизингке беру және қаржыландыру мәмілелерін құрылымдауға арналған АХҚО авиациялық хабының мүмкіндіктері ұсынылды.
Іс-шара Қазақстан мен Қытайдың бизнес және қаржы институттары өкілдері арасында нақты жобалар мен ынтымақтастық бағыттары талқыланған екіжақты кездесулермен аяқталды.
Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейтін юрисдикция болып табылады және инвестициялар тарту, капитал нарықтарын дамыту және қаржы құралдарын енгізу үшін өңірлік платформа қызметін атқарады. AIFC Connect форматы инвесторлармен тікелей өзара іс-қимылға бағытталған және бұған дейін Сингапур, Лондон, Дубай, Абу-Даби, Сеул, Гонконг және Бейжің сияқты жетекші қаржы орталықтарында өткізілген.
2025 жылғы 30 маусымда Astana International Exchange және Шаңхай қор биржасы екі ел биржалары арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті нығайту мақсатында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.04.2026, 17:47 496
Қазақстан мен Дания екіжақты ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін белгіледі
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың Дания Корольдігіне сапары өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Сапар ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі А.Бердалин, "Бәйтерек "ҰИХ" АҚ, "Samruk-Kazyna Invest", "Kazakhstan Investment Development Fund" және "Kazakh Invest" қоса алғанда, мемлекеттік органдар мен жетекші ұлттық қаржы және инвестициялық институттардың өкілдері кіретін өкілді ведомствоаралық делегацияның басшылығында жүзеге асырылды.
Ресми бағдарлама барысында Данияның Сыртқы істер министрлігінде екіжақты кездесулер өтті.
Министрдің орынбасары Дания СІМ Сауда және инвестициялар жөніндегі мемлекеттік хатшысы Лина Хансенмен кездесу өткізді, оның аясында тараптар қазақ-дат сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Даниялық инвестицияларды тартуға және жаңартылатын энергетика, "жасыл" технологиялар, су шешімдері, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика, цифрлық мемлекеттік басқару және жасанды интеллект сияқты басым секторлардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, дат компаниялардың Қазақстанға сауда миссиясын ұйымдастыру жоспарлары талқыланды.
Мемлекеттік хатшының орынбасары - Дания СІМ Саяси мәселелер жөніндегі директоры Е.Барлосемен кездесу барысында екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Дат тарапы Данияның сыртқы саяси және сауда-экономикалық күн тәртібіндегі Орталық Азия аймағының өсіп келе жатқан маңыздылығын растады және 2026 ж. тамыздан бастап қызметке кірісетін Орталық Азия елдеріндегі арнайы өкілі Ларс Туесенді таныстырды.
Тараптар сондай-ақ сауда, инвестициялар және іскерлік белсенділік үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған екіжақты ынтымақтастықтың нормативтік-құқықтық базасын кеңейту жөніндегі жұмысты жандандыруға келісті.
Сапардың жеке блогы агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналды. ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі А.Бердалин Данияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және балық шаруашылығы министрлігінің, сондай-ақ Данияның ауыл шаруашылығы және азық-түлік жөніндегі кеңесінің басшылығымен кездесулер өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар сүтті мал шаруашылығында озық дат технологияларын енгізу перспективаларын, соның ішінде дат селекцияның жоғары өнімді асыл тұқымды сүтті малын импорттау жоспарларын талқылады. Ветеринариялық қауіпсіздік, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, аграрлық өнімдердің өзара саудасын кеңейту, сондай-ақ Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне даниялық инвестицияларды тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.04.2026, 17:20 274846
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті
Сурет: Akorda
Достарға айту
Әңгімелесу барысында президенттер Қазақстан мен Беларусь арасындағы қарым-қатынас жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтіп, ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша оң динамика байқалатынын атап өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты одан әрі кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, алдағы бірлескен іс-шаралардың кестесін қарастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Лукашенконы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысына және Еуразиялық экономикалық форум жұмысына қатысуға шақырды. Аталған жиындар мамыр айының соңында Астана қаласында өтеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.04.2026, 16:18 275091
Президент Чехия Премьер-министрін І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады
Сурет: Akorda
Достарға айту
Қасым-Жомарт Тоқаев Андрей Бабишке бұл мемлекеттік награда Чехия мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін табысталғанын айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
- Сіз Қазақстанның сенімді досы әрі халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет қайраткерісіз. Екіжақты қарым-қатынасты табысты дамытуға бағытталған сындарлы ұстанымыңызды жоғары бағалаймын. Сіз өзара ықпалдастықты ілгерілету жолында аянбай еңбек етіп келесіз, сол себепті байланыстарымыздың келешегіне сеніммен қараймыз. Елдеріміз арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосқаныңыз үшін Сізге І дәрежелі "Достық" орденін табыстау туралы шешім қабылдадым. Бұл жоғары марапат қазақ-чех берік достығының жарқын символына айналады. Серіктестігіміз болашақта да жанданып, нығая беретініне сенімдімін, - деді Президент.
Андрей Бабиш жоғары мемлекеттік наградамен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді.
- Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелі дамып келе жатқанына шынайы қуаныштымын. Саяси диалогымыз ашық әрі сындары сипатқа ие. Халықаралық аренадағы ықпалдастығымыз тұрақтылыққа, бейбітшілік пен серіктестікке бейіл екенімізді көрсетеді. Чех Республикасы Қазақстанның әлемдік аренадағы сенімді әріптесі екенін мақтан тұтады. Президент мырза, осы жоғары марапатқа лайық көргеніңіз және халықаралық серіктестік пен диалогты нығайтуға зор үлес қосқаныңыз үшін алғыс айтамын. Алдағы уақытта да халықтарымыз арасындағы достықты тереңдету, әлемде тұрақтылық орнату жолында қызмет ете береміз деп сенемін, - деді Чехия Премьер-министрі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.04.2026, 15:15 275291
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Бабиш кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Сурет: Akorda
Достарға айту
Екі ел делегацияларының қатысуымен өткен келіссөз барысында Президент өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтудың әлеуеті мол екеніне тоқталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
- Екіжақты саяси ынтымақтастық пен экономикалық қарым-қатынастың болашағы зор деп санаймын. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы миссияларымыз тығыз жұмыс істеп, диалогты тұрақты түрде сақтап келеді. Көптеген бағыт бойынша байланыстарымызды дамытуға мүмкіндік жеткілікті, - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Чехияның сындарлы әрі прагматикалық сыртқы саясатына жоғары баға берді. Президенттің айтуынша, екі ел арасындағы саяси диалог сан қырлы серіктестікке қолайлы жағдай жасайды. Парламентаралық ықпалдастық қарқынды дамып келеді.
Мемлекет басшысы Чехия Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екеніне назар аударды.
- Тауар айналымының динамикасы көңіл көншітерліктей. Әрине, біз алдағы уақытта да сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ниеттіміз. Бүгінде елімізде 190-нан астам чех компаниясы жұмыс істеп жатыр, соның ішінде Škoda, Omnipol, Tatra және ZVVZ секілді маңдайалды кәсіпорындар мен басқа да өндіріс саласындағы сенімді әріптестеріміз бар. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Андрей Бабиш бүгінгі сапар екіжақты қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын айтты.
- Біз Қазақстанды стратегиялық серіктес санаймыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымының көлемін арттырамыз деп сенемін. Ең алдымен, энергетика саласындағы ықпалдастықты нығайтқымыз келеді. Сіздің елден ұзақ мерзімді мұнай тасымалына мүдделіміз. Энергетика саласын дамыту стратегиямыз атом энергиясына арқа сүйейді. Сондықтан Қазақстанға әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекет ретінде де қызығушылық танытамыз, - деді Чехия Премьер-министрі.
Чех Үкіметінің басшысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі қуат өндірудің әртараптандырылған тәсіліне негізделгеніне мән берді. Сондай-ақ ол чех компанияларының аталған салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін растады.
Андрей Бабиш Қасым-Жомарт Тоқаевты жаңа Конституция қабылдау бойынша референдумның табысты өтуімен құттықтап, бұған мемлекеттілікті нығайтатын және елді жарқын болашаққа жетелейтін маңызды қадам ретінде баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Бабиш өнеркәсіп, мұнай-газ, атом энергиясы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі, цифрландыру, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларындағы өзара ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Әңгімелесу барысында екі ел арасындағы қарым-қатынас тек экономикамен шектелмейтіні, ортақ тарихи оқиғалар мен мәдени-гуманитарлық байланыстарға негізделетіні жайында айтылды.
Мемлекет басшысы қазақ даласына Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіруді көздейтін бірегей жобаға атсалысқаны үшін чехиялық әріптестеріне ризашылығын білдірді. Президент Өңірлік экологиялық саммитте бұл бастаманы еліміздің биоалуантүрлілікті сақтау саласында жеткен жетістіктерінің бірі ретінде атаған болатын.
Премьер-министр Қазақстан азаматтарына виза режимін жеңілдету мәселесіне Чехияның екіжақты деңгейде және Еуропа Одағы аясында ықпал етуге ниетті екенін жеткізді.
Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыру үшін жобалар тізімін әзірлейді.
Андрей Бабиш Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Чехияға сапармен келуге шақырды. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты ықыласпен қабыл алды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.04.2026, 13:35 281801
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чехия Премьер-министрі Андрей Бабиш шағын құрамда келіссөз жүргізді
Сурет: Akorda
Достарға айту
Ақордада елімізге ресми сапармен келген Чех Республикасының Премьер-министрі Андрей Бабишті қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Салтанатты шарада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Бабиш бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң Қазақстан мен Чехияның әнұрандары орындалды.
Одан кейін Қазақстан Президенті мен Чехия Премьер-министрі келіссөз өтетін залға барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Андрей Бабишке ілтипат білдіріп, Қазақстан жұртшылығы оны Чех Республикасында ғана емес, Еуропаға белгілі саяси қайраткер ретінде жақсы білетінін жеткізді.
- Екі ел арасында бұрыннан тығыз әрі достық қарым-қатынас орнаған. Сауда-саттық табысты дамуда. Қос халықтың бір біріне құрметі зор. Ірі халықаралық құрылымдар шеңберінде бірлесе әрекет етіп келеміз. Бұл - өте маңызды. Елшіліктеріміз белсенді жұмыс істеп тұр. Орайлы сәтті пайдалана отырып, Өзіңізбен бірге чех кәсіпкерлерінен құралған үлкен делегация алып келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Кеше Астанада бизнес-форум өтті. Оның нәтижесі елдерімізге пайдалы болады деп ойлаймын. Өз тарапымнан сан қырлы ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға бар күшімді саламын, - деді Президент.
Андрей Бабиш қонақжайлық танытқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, еліміздің түрлі салада жеткен жетістіктеріне жоғары баға берді.
- Қазақстан - Орталық Азиядағы аса маңызды мемлекет. Сондықтан осынау ғажап елге сапармен келу - мен үшін зор мәртебе. Жақында жаңа Конституция қабылдадыңыздар. Құтты болсын! Сіздердің бұл бағыттағы тәжірибелеріңіз бізге де пайдалы болады деп есептеймін. Қазақстанға келу көптен бергі арманым еді. Өйткені мен университетті аяқтағаннан кейін, яғни, 1978 жылы Шымкент және Жамбыл (Тараз) қалаларымен өзара байланыс орнатқан департаментте жұмыс істедім. Қазақстан - энергетика саласында аса үлкен орны бар ел, әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекеттердің қатарына кіреді. Бүгінде атом электр станцияларының маңызы арта түсті. Сол себепті осы салада келісімге келгенімізге қуаныштымын. Қазақстанның жасанды интеллект бағытындағы жетістіктері таңқаларлық. Екі елге ортақ дүние көп. Чехия мен Қазақстан үкіметтері өзара ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету үшін аянбай еңбек етеді деп ойлаймын, - деді ол.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
29.04.2026, 13:35Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чехия Премьер-министрі Андрей Бабиш шағын құрамда келіссөз жүргізді 29.04.2026, 10:42 281646Орынбор облысының іскер топтары Қазақстан өңірлерімен ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі29.04.2026, 15:15 276206Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Бабиш кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді29.04.2026, 16:18 276006Президент Чехия Премьер-министрін І дәрежелі "Достық" орденімен марапаттады29.04.2026, 17:20 275761Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен телефон арқылы сөйлесті
10.04.2026, 23:02 727396Қазақстан-Польша Үкіметаралық комиссиясы аясында ынтымақтастық перспективалары қарастырылды13.04.2026, 21:35 474276Қазақстан СІМ-де Франция Сенаты делегациясымен кездесу өтті14.04.2026, 09:37 474141Латвия мен Қазақстан көлік және логистика салаларындағы екіжақты байланыстарды нығайтуды жалғастыруда13.04.2026, 19:54 Қазақстан CІМ басшысы мен ҰҚШҰ Бас хатшысы бұдан әрі болатын өзара іс-қимылдың мәселелерін талқылады474106Қазақстан CІМ басшысы мен ҰҚШҰ Бас хатшысы бұдан әрі болатын өзара іс-қимылдың мәселелерін талқылады10.04.2026, 22:00 462726Сеулде "Орталық Азия - Корея Республикасы" алғашқы саммитіне дайындық мәселелері талқыланды

