02.10.2006, 14:14 2899

Байқоңырдан "Метоп" жер серігін алып ұшатын "Союз- 2.1а" зымыран тасығышының ұшырылымы кейінге шегерілді

БАЙҚОҢЫР. 2-қазан. Kazakhstan Today. Байқоңырдан "Метоп" жер серігін алып ұшатын "Союз- 2.1а" зымыран тасығышының ұшырылымы кейінге шегерілді. Бұған дейін ол 7-қазанға межеленген болатын. Бұл туралы Kazakhstan Today тілшісіне Федералдық ғарыш орталығының баспасөз қызметінен хабарлады.

"Ғарыш аппаратын қосымша тексеруге байланысты 31-алаңда межеленген ұшырылым кейінге шегерілді. Метеорологиялық жер серігін жасаушы шетелдіктер аппаратты тағы бір мәрте тексеруге шешім қабылдады".

""Союз- 2.1а" зымыран тасығышын ұшыратын жаңа мерзім әзірге айқындалған жоқ, оны мемлекеттік комиссия таяу уақыттарда жариялайды",- деп хабарлады ғарыштық орталық.

Жаңа зымыран тасығыш шілдеде ұшырылуға тиіс болатын. Алайда, бағдарламалық қамтамасыздыққа қатысты ақаудан кейін оны қайта бөлшектеп зауытқа жіберген. Қыркүйекте зымыран ғарыш айлағына қайтадан жеткізілді.

Жаңа "Союз- 2.1а" зымыран тасығышы сандық есептік техникамен жабдықталған, телеметрия жүйелері жаңартылған. Зымыран тасығыш жер орбитасына дүниежүзіндегі ең қуатты еуропалық "Метоп" метеорологиялық жер серігін шығаруға тиіс. "Метоптың" технологиялық жабдықтары Жер бетінің температурасы мен ылғалдылығын жоғары дәлдікпен өлшеуге, сондай-ақ, ауадағы озан деңгейі мен мұхиттың үстіндегі ауа ағынын қадағалауға мүмкіндік береді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны