27.06.2006, 13:41 2872

Байқоңырдан шілде айында үш ұшырылымды жүзеге асыру межеленген

БАЙҚОҢЫР. 27-маусым. Kazakhstan Today. Байқоңырдан шілде айында үш ұшырылымды жүзеге асыру межеленген, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.
“Қазір ғарыш айлағының мамандары шілде айына жоспарланған үш ұшырылымға белсене дайындалуда”,- деп хабарлайды “Байқоңыр” Федералдық ғарыш орталығының баспасөз қызметі Kazakhstan Today тілшісіне.

Мәселен, шілде айының ортасында ғарыш айлағының №31 алаңынан Еуропаның “Метоп” жер серігі ұшырылады. Бұл ұшырылымға жаңартылған «Союз 2-1А» зымыран тасығышы мен «Фрегат» үдеткіш блогы дайындалуда.

Жерге қашықтан зонд жүргізуге арналған “Метоп” жер серігін Еуропаның “Астриум” консорциумы жасап шығарған. Салмағы 4 тонналық жер серігінде Жерді ғарыштан қадағалауға арналған 18 антенна орнатылған. “Метоп” жер серігінің технологиялық жабдықтары Жер бетінің температурасы мен ылғалдылығын жоғары дәлдікпен өлшеуге, ауадағы озон деңгейі мен мұхит үстіндегі ауа ағынын бақылауға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге шілденің ортасында «Протон» зымыран тасығышы американдық «Hot Bіrd-8» жер серігін алып ұшады деп межеленген. Бұл жер серігі «Hot Bіrd» спутниктік телевидение жүйесін дамытуға арналған.

26-шілдеде ұшырылымы кейінге шегерілген “Днепр” зымыран тасығышы аспан кеңістігіне бет алады. Ұшырылым зымыран тасығыштың ақауына байланысты кейінге қалдырылған. “Днепр” жер серігінің көмегімен ғарышқа бірнеше аппарат шығарылмақ. Олардың арасындағы ең негізгісі Беларусь елінің “БелКА” жер серігі. Ол “Энергия” зымыран ғарыштық кешенінде жасалған. Айқындығы жоғары ақпарат алу және оны пайдалануға арналады. Жер серігінің ақ және қара түсті кескіндерді айқын көрсету мүмкіндігі 2,5 метрге дейін, ал түсті кескіндерді 10 метрге дейін жетеді. “Днепр” сонымен бірге Ресейдің “Бауманец” атты әмбебап жер серігін, Италияның «UniSat-4» жер серігі мен P-Pod контейнерлеріне орнатылған жеті «CubSat» ғарыш аппараттарын орбитаға шығарады.

“Жалпы алғанда жыл басынан бері Байқоңыр ғарыш айлағынан жеті зымыран тасығыш ұшырылды. Бұл дүниежүзіндегі барлық ғарыш айлақтарының сандық көрсеткіштерінен артық”,- деп хабарлайды орталық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны