16.04.2020, 16:55 6463

"Стоп-коронавирус" байқауына қатысушылар онлайн-режимде 39 ғылыми жоба ұсынды

Коронавирусқа қарсы күресуге бағытталған идеяларын ғалымдар, докторанттар, студенттер, кәсіпкерлер, стартаперлер, сондай-ақ барлық ниет білдірген қазақстандықтар ұсынды.

Алматы. 16 сәуір. Kazakhstan Today - "Стоп-коронавирус" байқауына қатысушылар онлайн-режимде 39 ғылыми жоба ұсынды.

"Стоп-коронавирус" байқауының қорытынды кезеңіне өткен жобаларды талқылау 13-15 сәуір аралығында онлайн-режимде өтті. Авторлар еліміздің әр түрлі қалаларынан тікелей эфирінде жобаларын таныстырып, қазылар алқасының сұрақтарына жауап берді. Тікелей эфир фейсбук әлеуметтік желісіндегі "Bilim Plus" және Ғылым қорының @sciencefund.kz парақшаларында көрсетілді.

Жобаларды бағалау үрдісінің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін байқауды ұйымдастырушы - "Ғылым қоры" АҚ осы форматты ұсынды және ТЖ режимі мен өзін-өзі оқшаулау жағдайында бұл ұсыныс барлық қатысушылардан қолдау тапты.

Коронавирусқа қарсы күресуге бағытталған идеяларын ғалымдар, докторанттар, студенттер, кәсіпкерлер, стартаперлер, сондай-ақ барлық ниет білдірген қазақстандықтар ұсынды.

23 наурызда "Ғылым қоры" АҚ пандемияның таралуының алдын алу және оның салдарын жоюға бағытталған тиімді шешімдерді іздеу мақсатында "Стоп-Коронавирус" онлайн-байқауын жариялады. Белгіленген мерзімде (10 күн ішінде) байқауға еліміздің әр аймағынан 141 өтінім келіп түсті. Байқауға жеке тұлғалармен қатар 12 ЖОО,14 ҒЗИ, сондай-ақ түрлі ұйымдардың өкілдері қатысты. Алдын ала іріктеуден кейін қорғау кезеңіне мынадай критерийлерге сәйкес келетін 39 өтінім жіберілді: мәселені ашу, оны шешу жолдары мен механизмдері; жаңалығы мен бірегейлігінің болуы.

- Іріктелген жобалар вирустық аурулардың алдын алу саласында мемлекет пен бизнес үшін тартымды, назар аударуға лайықты шешімдер ұсынып отыр. "Стоп-Коронавирус" байқауы - ең алдымен қоғамдық бастама. Мұнда ақшалай көтермелеу немесе тікелей қаржыландыру жоқ. Ғылым қоры зерттеушілер мен ғалымдарға тез арада коммерцияландыру үшін өзінің ғылыми әлеуеті мен әзірлемелерін ұсынуға мүмкіндік берді"- деп атап өтті "Ғылым қоры" АҚ Төрағасының орынбасары Бақытжан Сәркеев.

"Стоп-коронавирус" байқауының тәуелсіз қазылар алқасының құрамына медицина және фармацевтика, IT саласының жоғары білікті мамандары, кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлері кірді. Олардың ішінде Жұмабек Бекенов, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің директоры, медицина ғылымдарының докторы, Айжан Садықова, "Ұлттық медициналық ассоциациясы" республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті, медицина ғылымдарының кандидаты, Алмаз Шарман - Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы бар. Байқаудың қазылар алқасының төрағасы болып белгілі қоғам қайраткері, "Серпін" білім және инновация ұлттық палатасының басшысы Мұрат Әбенов сайланды.

- Мен үшін қазақстандық ғалымдардың көбі осы тақырыпта жұмыс істеп жатқандығы күтпеген жағдай болды. Жобалар өте жақсы және білікті авторлардың ұсыныстарында коронавирусты анықтауға арналған тестерден бастап вакцина, емдік тамақтану, дезинфекция, вирустың алдын алу шараларына дейін қамтылған. Ертең-ақ өндіріске енгізуге тұрарлық бірнеше тартымды жобалар бар. - деп атап өтті Мұрат Әбенов.

Фейсбук желісінің пайдаланушылары да ұнаған жобалар үшін 16 сәуірде күні бойы "Стоп-Коронавирус" байқауының ақпараттық серіктесі - "Bilim Plus" ұлттық білім беру платформасының парақшасында https://www.facebook.com/bilim.plus/ сілтемесі бойынша өтіп дауыс бере алады.

Жобалардың ақтық бағалары мен қазылар алқасының шешімі жұма күні 17 сәуірде жарияланады. Байқау қорытындысы бойынша іріктелген жобалар Үкіметтің, сондай-ақ мүдделі инвесторлардың қарауына жіберіледі.


Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны