11.07.2006, 18:23 3194

2005-жылы Қазақстанда жасөспірім қыздардың жүкті болуына қатысты 10 мыңдай оқиға тіркелген

АЛМАТЫ. 11-шілде. Kazakhstan Today. 2005-жылы Қазақстанда жасөспірім қыздардың жүкті болуына қатысты 10 257 оқиға тіркелген. Бұл туралы бүгін Бүкілдүниежүзілік халық саны күніне орай өткізілген баспасөз мәслихатында Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығының президенті Раушан Сәрсенбаева құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

Оның айтуынша, жүкті болған 10 257 қыздың 6348-і жасанды түсік жасатса, 3909-ы бала тапқан. “Бұл – айрықша алаңдаушылық тудыратын жайт. Ол ата-аналар, мектептер , дәрігерлер мен азаматтық қоғам тарапынан уақыт ұттырмай іс-әрекетке көшу қажеттігін талап етеді”,- деді Р.Сәрсенбаева.

Оның пікірінше, қоғам аталмыш проблеманы шешу әдістемелерінің аясын кеңейтіп, жасөспірімдер арасында түсік жасатудың аса зияндылығы мен жыныстық жолмен жұғатын дерттердің алдын алу туралы хабардарлық деңгейін көтеру қажет. “Жастардың контрацепция мәселелері жөніндегі ақпараттардан мақұрым қалуы ауыр зардаптарға әкеліп соғуда: қазір елімізде 92 мың тастанды бала бар”,- деді Р.Сәрсенбаева.

Жасөспірімдердің денсаулығына қатысты осы және өзге де проблемаларды шешу үшін елімізде ауқымды клиникалар желісін ашу көзделіп отыр, деді салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі ұлттық орталықтың директоры Қазбек Төлебаев.
“Осындай ауруханалар еліміздің бірнеше қаласында ашылды. Алматыда және еліміздің басқа қалаларында да болашақта осындай клиникалар ашу межеленіп отыр”,- деді ол. “Балаларға тек медициналық қана емес, сонымен бірге жасырын психологиялық көмек те көрсетіледі”,- деді орталық директоры.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны