02.03.2007, 17:26 3166

2010-жылға дейін Астанада бюджеттік және әлеуметтік сала қызметкерлеріне арнап 10 мың пәтер салу межеленген

АСТАНА. 2-наурыз. Kazakhstan Today. 2010-жылға дейін Астанада бюджеттік және әлеуметтік сала қызметкерлеріне арнап 10 мың пәтер салу межеленген. Бұл туралы бүгін әкімшілікте өткен кеңесте Астана әкімі Асқар Мамин құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

"Мемлекет басшысы өз жолдауында үкімет пен қала әкімшілігіне бюджеттік және әлеуметтік сала қызметкерлеріне арнап тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасының жүйесі арқылы баспана салу мәселесін дәйектеп, құрылысты жеделдете қолға алуды тапсырды",- деді А.Мамин. "Тұрғын үй құрылысына арналған жинақ жүйесін дамыту есебінен біз бірінші кезеңде 10 мың пәтер салуға тиіспіз",- деді ол.

"Салынған үйлер кезекке сәйкес және мемлекеттік мекемелердің нұсқауы бойынша бюджеттік және әлеуметтік сала қызметкерлеріне қызметтік пәтер ретінде беріледі. Пәтер иелері сол үйде тұрып жатқан сәттерінде тұрғын үй құрылысына арналған жинақ жүйесіне сәйкес жалпы пәтер құнының 25 проценті көлемінде бастапқы жарна жинайды. Үш жылдың ішінде бастапқы жарна жиналып, пәтер құнының төлеміне жасалған алғашқы үлеске айналады. Ал қалған 75 процентіне қазіргі 6 проценттік ставка бойынша 25 жыл мерзіммен несие беріледі",- деп түсіндірді әкім. "Демек, баспанасы жоқ және қымбат бағаға пәтер жалдап жүрген әлеуметтік сала қызметкерлері бастапқы жарнаға ақша жинау мүмкіндігіне ие болады",- деді А.Мамин.

"Қазіргі жағдаймен 75 гектарлық жер телімі анықталды. "Қала сәулеті" МКК егжей-тегжейлі жоспар жобасын жасауда. Сөйтіп біз таяу уақыттарда жобаны жүзеге асыра бастаймыз",- деді әкім. "Нәтижесінде біз келесі жылдың басында бюджеттік және әлеуметтік сала қызметкерлеріне арналған алғашқы пәтерлерге ие болатын шығармыз",- деді ол.

"Сөйтіп, 2010-жылға дейін біз бюджеттік және әлеуметтік сала қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету проблемасын түбегейлі шешуге тиіспіз",- деді А.Мамин.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны