02.05.2007, 18:46 3119

2015-жылы Қазақстанда 1600 шақырым жаңа темір жол тартылып, қазір бар 2700 шақырымына тоқ жіберіледі

АСТАНА. 2 - мамыр. Kazakhstan Today. 2015-жылы Қазақстанда 1600 шақырым жаңа темір жол тартылып, қазір бар 2700 шақырымына тоқ жіберіледі. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында Қазақстан Республикасының көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов мәлім етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігінің тілшісі.

"Көлік стратегиясы аясындағы жүзеге асырылып жатқан жобалар еліміздің экспорттық әлеуетін көтеруге бағытталған, атап айтқанда Бейнеу - Жезқазған теміржол желісін салу, үстіміздегі жылдың маусымында аяқталатын техникалық-экономикалық негізді әзірлеу",- деп атап өтті С. Ахметов. Оның мәліметтеріне сүйенсе, аталмыш желінің ұзындығы 1080 км құрайды, жобаның құны - 257 млрд теңге, салу мерзімі - 4 жыл.

"Аталмыш желі астық, мұнай өнімдері, көмір, цемент, қара және түсті металлдар сияқты жүктерді Ресей, Еуропа және Жақын Шығыс елдері бағытына, соның Ақтау теңіз айлағын пайдалану арқылы бәсекелестікке қабілетті маршрут ұйымдастыруға мүмкіндік береді",- деп түсіндірді министр. Оның пікірінше, "осы желі есебінен көлік шығындарын төмендету біздің сыртқы нарықтағы бәсекелестікке қабілетті тауарларымызға да әсер етеді".

"Есеп бойынша, аталмыш желі бойынша түсті металдарды экспортқа шығаруда бір тонна өнімді Қазақстан шекарасына жеткізу бағасы қазіргі Жезқазған - Ақсарай маршруты бойынша жеткізгеннен 40 пайызға төмен болады",- деп нақтылап өтті С. ахметов. Сонымен қатар, аталмыш маршруттың тартымдылығы Қазақстанның Баку - Тбилиси - Карс - Түркия шекарасы және ары қарай Еуропа бағыты мен Қара теңіз жағалаулары бағытындағы жаңа дәліздің транзиттік әлеуетін пайдалану шамасына қарай өседі.

Көлік және коммуникация министрі Серік Ахметов, Қорғас - Жетіген теміржол желісін салудың техникалық-экономикалық негізін әзірлеу үстіміздегі жылдың 1-маусымында аяқталатындығын хабарлады. "24-тамызда біз аталмыш жобаға қатысатын концессионерді анықтау бойынша конкурс өткіземіз",- деп қосты министр. Ол, ұзындығы 296 км бұл желі "Қытайдан Орта Азияға, Батыс Еуропаға, Закавказье республикаларына ең жақын жолмен жүк тасымалдауды ұйымдастыруға мүмкіндік беретіндігін" еске сала кетті. "Жобаның құны 41 млрд теңгені құрайды",- деп нақтылап өтті С. Ахметов.

С. Ахметовтың ақпараттарына сүйенсек, үстіміздегі жылдың мамырында министрлік ұзындығы 392 шақырым, құны 25,6 млрд теңгені құрайтын Мақат-Қандыағаш темір жол желісін тарту мен оған тоқ жіберу жұмыстарын атқаратын концессонерді айқындау үшін байқау өткізеді.

Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны