13.10.2015, 10:46 4098

20 шақырымға жуық ау жиналып, 76 бекіре балық құтқарылды.

Астана. 13 Қазан. Kazakhstan Today - Қарт Каспийдіӊ айдынында Мемлекеттік шекараны күзете жүріп, қазақстандық шекарашылар теӊіз байлығы - бекіре тектес балықтарды құтқарып, оларға құрылған ауларды да жинайды, деп хабарлайды Kazakhstan Today агенттігініӊ тілшісі.

Мысалы, өткен тәулік ішінде жалпы ұзындығы жиырма шақырымға жуық ау жиналды, бекіре тектес 76 балық тірідей құтқарылды.

Кейбір аулардыӊ ұзындығы теӊіз атаулыдан алысырақ тұратын ағайындарды таӊ қалдырарлық. Айталық, Шекара қызметініӊ "Жағалау күзеті" өӊірлік басқармасына қарасты "Семсер" шекаралық кемесі солтүстік Каспий бағытында жүріп келе жатып, тұтас 10 000 м. (10 шақырымдық) ау тауып, жинап алды. Аудан 72 бекіре тектес балық тірідей құтқарылып, қайтадан суға жіберілді. Бұдан әрі күзетін жалғастырған "Семсер", 141-ші шаршыдан тағы да 500 метрлік ау тауып, ауға түскен балықтарды құтқарды.

"Қарағанды" шекара кемесініӊ Баутино бағытындағы жауынгерлік қызметі кезінде ұзындығы 4000 м. ау табылды. "Тараз" шекара кемесі оӊтүстік бағытында күзет қызметін атқара жүріп, жол-жөнекей 2000 метрлік ауға жолықты.

Олардыӊ жинаған ауларыныӊ қасында "Нұрлы жол" шекаралық катерініӊ жинаған 1500 және 1000 м., екі "Сапсанныӊ" жинаған 300, 500 метрлік аулары түкке тұрғысыз болып та көрінуі мүмкін. Алайда, осы торлар қаншама теӊіз байлығын браконерлердіӊ қалтасын қалыӊдатуға ұстап берер еді?

Сонымен, браконерлерге қарсы жүргізіліп отырған операцияға шекарашылар да жұмылдырылған 22 қыркүйектен бастап күні бүгінге дейін, теӊізден заӊсыз балық аулаған 42 қазақстандық, 5 ресейлік адамдар ұсталды, 129 370 м. ау жиналды (үлкен бір қаланы тұтас орап аларлық), 594 дана бекіре, салмағы 10 тонна болатын 1 975 дана бекіре тұқымдас балық тәркіленіп, балық зауытына өткізілді. 27 дана әртүрлі шағын қайықтар, тіпті бір теплоход та тәркіленді.

Теӊізде шекара бұзушыларға да, қара ниетті браконерлерге де орын жоқ.

ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны