21.11.2019, 15:08 28488

Орал қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім бастығына қатысты қылмыстық іс қаралды

Алайда, ақша аударылғаннан кейін қызметкер оны алмаған. Тіпті ақшаны кері қайтаруға тапсырма берген. Қылмыстық заң бұзушылықтан өз еркімен бас тартуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.

Орал. 21 қараша. Kazakhstan Today - Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім бастығына қатысты қылмыстық істі қарады.

Ағымдағы жылдың тамыз айында Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне келіп жүгінген бір мейрамхана директоры рұқсат құжаттарын кедергісіз беру үшін одан пара талап еткенін жеткізе келген.

Тексеру барысында белгілі болғанындай, бақылаушы мекеменің қызметкері мейрамханадан бұзушылықтарды анықтаған. Оларды жасыру үшін, дәлірек айтсақ, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды беру және одан әрі болысушылық көрсету үшін 100 000 теңге мөлшерінде пара талап еткен. "Тергеу әрекеттері арқылы басқарма қызметкері мен мейрамхана директоры арасындағы ақшалай қаражатты аудару жөніндегі телефон әңгімесі жазып алынған. Бұл ретте әлгі қызметкер бұзушылықтарды директордың кейін күзде жоя алатынын, ал көрсетілген соманы "Ш" есімді азаматтың "Каспий банктегі" карточкалық шотына аудару қажеттігін атап өткен",- деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет. Алайда, ақша аударылғаннан кейін қызметкер оны алмаған. Тіпті ақшаны кері қайтаруға тапсырма берген. Қылмыстық заң бұзушылықтан өз еркімен бас тартуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.

Дейтұрғанмен, мемлекеттік мекеменің қызметкері Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік қызмет туралы" заңнамасын және ҚР Этикалық кодексін бұзған, деп санайды жемқорлықпен күрес қызметкерлері.

"Мәселен, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік қызмет туралы" заңының 50-ші тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің өзінің лауазымдық өкілеттіліктерін жеке өзiнің не жақын туыстары мен жекжаттарының материалдық мүдделерін қанағаттандырумен байланысты мәселелерді шешу кезінде пайдалану іс-әрекеттері мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар болып танылады. Сол арқылы әлгі қызметкер заңның аталған талаптарын өрескел бұзған. Оның мемлекеттік қызметте бұдан әрі қызмет ету мүмкіндігін қарастыруға дейін қатаң тәртіптік жауапкершілік жүктеу жолымен мәселені шешуді ұсынамыз. Сондай-ақ, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен Этикалық кодекс нормаларын сақтауды қамтамасыз ете алмағаны үшін оның тікелей басшыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылды", - деді Нұрдәулет Сәмет.

Департаментке сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған жүйелі іс-шараларды жүзеге асыруға нұсқау берілді.

Ақпаратты пайдаланѓан жаѓдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігініњ материалдарына авторлық қ±қық.

МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны