15.12.2022, 15:28 14041

Қазақстанда "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы бекітілді

Білім сапасын арттыру - мемлекеттің басым мақсаты
Астана. 15 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстанда Үкіметтің қаулысымен "Жайлы мектеп" білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жоба бекітілді, деп хабарлайды ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі.
 

Ұлттық жобаның мақсаты - орта білім беру ұйымдарында авариялық мектептерді, үш ауысымда оқытуды және оқушы орындарының тапшылығын жою болып табылады", - делінген құжат мәтінінде.

 
Ұлттық жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдар кезеңінде 2 606 596 055 мың теңге (2023 жылы - 499 999 715 мың теңге, 2024 жылы - 1 038 388 534 мың теңге, 2025 жыл - 1 068 207 806 мың теңге) бөлу көзделгені хабарланды.
 
Білім сапасын арттыру - мемлекеттің басым мақсаты болып табылатыны атап өтілді.
 

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында балаларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасау және орта құру міндеті қойылған", - делінген құжат мәтінінде.

 
Орта білім беру саласында, әсіресе, ірі қалалардағы ең өзекті мәселе - оқушы орнының тапшылығы болып қала беретіні атап өтілді.
 

Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміз бойынша мектептер желісі 1,4 мың бірлікке (9 мыңнан бастап 7,6 мыңға дейін) қысқарды, олардың басым бөлігі перспективалы емес елді мекендерде орналасқан шағын жинақты мектептерде білім алушылар санының қысқаруына және олардың жабылуына байланысты болды. Білім алушылар контингенті 3,7 миллион білім алушыға жетті, оның 2,2 миллионы қалалық мектептерде, 1,5 миллионы ауылдық мектептерде оқиды", - делінген құжатта.

 
2022 жылы оқушы орындарының қазіргі тапшылығы 270 мың орынды, оның ішінде қалада - 174 мың орынды, ауылда - 96 мың орынды құрайды.
 
Тапшылық бойынша ең өзекті жағдай бес өңірде (Түркістан, Алматы облыстары және Астана, Алматы, Шымкент қалалары) байқалады, онда оқушы орындарының тапшылығы жалпы көрсеткіштің 59 %-ын (159 мың орын) құрайды.
 
Бұдан басқа, жұмыс істеп тұрған 710 мектеп әбден тозған. 177 мектеп пайдалану мерзімі 70 жылдан асатын ғимараттарда, 239 мектеп саманнан, 69 мектеп ағаштан, 5 мектеп қамыстан және 40 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасқан.
 
Мәселен, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Ұлттық білім беру дерекқорының (бұдан әрі - ҰБД) деректеріне сәйкес елде 37 мектеп (немесе күндізгі жалпы білім беретін мемлекеттік мектептердің жалпы санынан 0,54 %) авариялық жағдайда деп танылды, 142 мектепте (немесе күндізгі жалпы білім беретін мемлекеттік мектептердің жалпы санынан 2,06 %-ында) оқыту үш ауысымда жүргізіледі.
 
Бұған дейін хабарланғандай, Аймағамбетов "Жайлы мектеп" Ұлттық жобасының жоспарын ұсынған болатын.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны